Қоғам

Әскерге бару – азаматтық парыз

Солтүстікқазақстандық ата-аналар Отан алдындағы борышын өтеп жатқан балаларының жай-күйімен танысты. Жатынжайды аралап, тамақтанатын орындарына дейін шолу жасады.

ДӘУЛЕТ ТОЛЫБАЙ, СҚО әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі:

– Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі “Әскер ата-аналар көзімен” науқанын ұйымдастырып өткізді. Науқан барысында ата-аналармен бірге Астана мен Ақмола гарнизондарын әскери бөлімдерін қарап шықтық. Казарма, асханасы мен басқа объектілерді көрдік. Негізгі мақсаты – сарбаздар қандай жағдайда өз әскери міндеттерін атқарып жатқандарын көрсету.

Арайлым Джакупова – жоба аясында баласымен көріскен ананың бірі, Бәйтерек ауылының тұрғыны. Ұлы Мадияр Қайыркен Ұлттық ұланның Астанадағы 5573 әскери бөлімінде борышын өтеуде.

АРАЙЛЫМ ДЖАКУПОВА, Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ана жүрегі баласы сыртта жүргенде үнемі уайымдап жүреді ғой. Бірақ, әскердегі балалардың көңіл-күйлері жақсы. Өз көзіммен көргеннен кейін әскери өмір қатты қиын деп айтпайтын едім.

Нәзікжанды әскердегі темірдей тәртіппен қатар, жасалған жағдаймен де танысып келіпті.

АРАЙЛЫМ ДЖАКУПОВА, Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Барлық жерлерде жөндеу жұмыстары жасалған екен. Барлығы таза, ұқыпты. Сарбаздардың киімі мен заттары қойылатын шкафтары бар. Әрқайсысы нөмірленіп, аттары жазылып қойылыпты. Тамақ жағына келсек, бізге сол күнгі ас мәзірін көрсетті. Асханасы өте таза.

Ақерке Борамбаеваның баласы Мейрам Темірхан әскерге маусым айының басында кеткен екен. Анасы ұлының бұл шешімін бірден қолдаған. Баласының әскердегі оң жағдайын көріп, қателеспегеніне көзі жетіп отыр.

АҚЕРКЕ БОРАМБАЕВА, Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Баламның әкесі де кезінде әскерге барған. Ол кезде заман басқаша болды, аналары хат тосып отыратын. Қазіргілердің жағдайы жақсы. Сенбі-жексенбі күндері қоңырау шалып тұрады. Видеоқоңырау арқылы да сөйлесіп тұрамыз. Отан алдындағы борышын өтеу – әр ер жігіттің міндеті. Қазіргі заманда еш қорықпастан баруға болады екен.

Ата-аналардың уайымын сейілту, сағынышын басу үшін осындай акциялар алдағы уақытта көктем және күз мезгілінде өткізу жоспарлануда.