Облыста жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауыру жағдайлары жиіледі.
Өткен жылы өзін 53 мыңнан астам адам жайсыз сезінсе, биыл аталған дертпен сырқаттану деңгейі 1,7 пайызға өскен. Көбінесе 14 жасқа дейінгі балалар шалдығады.
Былтыр тұмау жұқтыру жағдайлары да болған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды. Осы орайда қазір тұрғындарға тұмауға қарсы екпе егу науқаны жүріп жатыр.
АРМАН КУШБАСОВ, СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары:
– Облыста биыл 60 мыңнан астам адамға екпе қойылады. Қазанның 1-інде бастау алған науқан қарашаның ортасына дейін жалғасады. Адамдар қай емханаға тіркелген, вакцинаны сонда қабылдайды. Медициналық қызметкерлер, есепте тұрған балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйіндегілер, жүкті әйелдер мен 65 жастан асқан жандарға екпе бюджет есебінен тегін қойылады.
Қалалық 1-ші емханаға 63 мың адам тіркелген. Оның 6 мыңнан астамына екпе егілгелі отыр. Вакцина “Гриппол плюс” деп аталады. Дәрігерлер бүгінде 200-ден астам адамды қабылдап, екпе алуларына рұқсатын берген.
АЛИНА ИСМУРЗИНА, №1 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:
– Кешегі ақпараттарға сүйенсек, 256 адам екпені алды. Екпені алуға арналған топтар – диспансерлік есепте тұрған науқастар, жиі ауыратын балалар және жүкті әйелдер. Екпе алу үшін рұқсатты 220-шы кабинетте алуға болды. Ол жерде дәрігерлер рұқсат қағазын береді.
Екпе салар алдында азаматтар тексерістен өтеді. Созылмалы дерті болса немесе ақуызға аллергиясы бары анықталса вакцина қойылмайды.
Қала тұрғыны Нұрлан Сибанбаев тұмауға қарсы жылда екпе қабылдайды екен. Айтуынша, тұмау толқыны күшейген кезде екпенің пайдасын сезінетін көрінеді.
Нұрлан Сибанбаев, қала тұрғыны:
– Тұмауға қарсы екпе алып келе жатқаныма 5 жыл болды. Вакцинадан кейін жеңіл ғана ауырамын. Көмегі жақсы тиеді. Қыста ауырмаймыз.
Жалпы, облыста кешден бері тұмауға қарсы екпені 700-ден астам адам алған. Оның 2-еуі жүкті әйел, 5-еуі – мектеп оқушысы, 300-ден астамы медицина қызметкері, қалғаны -қарт адамдар.
Гульден Симбаева