Облыста жыл басынан бері 450 өрт оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 23 адам қаза тауып, 19 адам жарақат алды. Келген материалдық шығын 424 млн теңгеден асады. Сондай-ақ, 27 адамға иіс тиіп, 9-ы көз жұмған. Негізгі көрсеткіштер бойынша өрт саны өңірде биыл 14%-ға, ал одан болатын адам өлімі 30%-ға азайған. Қазір еліміздің қалаларында негізінен көпқабатты үйлер бой көтеруде. Онда тұратын тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселе болып отыр. Барлық нысан өрт дабылы жүйесімен жабдықталуы керек дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Облыста биіктігі 28 метрден асатын 32 көпқабатты үй бар. Бұл үйлер белгілі бір критерий бойынша тәуекелі жоғары нысандарға жатады. Тұрғын үйлердің кіреберісі көлікке толып тұрады. Бұған талай рет көз жеткіздік. Өрт болған жерді айналып басқа жағынан шығайын десек ол жағынан да өтетін орын болмайды. Салдарынан оқиға орнына жақындау үшін біраз уақыт кетеді.
Облыста жыл басынан бері көпқабатты үйлерде 12 өрт шыққан. 4 адам зардап шегіпті.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Жуырда Жуков көшесіндегі 6 қабатты үйдің жоғарғы қабатында өрт болды. Пәтердің ішінде 14 жасар бала жалғыз өзі қалған. Ол өрт сөндірушілер арқасында аман қалды. Оттың розеткадан шыққанын анықтадық. Содан тұрмыстық заттар өртеніп кетті.
Солтүстікқазақстандық өрт сөндірушілер көпқабатты тұрғын үйде бас көтерген тілсіз жауды сөндіру әдістерін пысықтау мақсатымен биыл 24 оқу-жаттығу өткізген. Сондай-ақ, 15 профилактикалық тексеріс жүргізіп, өрт қауіпсіздігі туралы мыңнан астам адаммен әңгімелескен.
Гульден Симбаева