АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Араға айлар салып С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрынының 25-ші маусымы ашылмақ. Қара шаңырақ ұжымы өнерсүйер қауымды қуантуға асық. Қазір көріп тұрғандарыңыздай залға ағайын жиналып жатыр. Бүгін мерейтойлық маусым шымылдығын өнерпаздар М.Жұмабаевтың 130 жылдығына орай “Шолпанның күнәсі” драмасымен ашпақ.
Театр есігін ашқан әрбір жан бірден керемет көңіл күйге бөленді. Көрермендер үшін 1-ші қабатта жанды дауыста ән шырқалды. Таланттардың тартуына теріскейліктер тәнті болды. Ескі есті әндерді ағайын қосыла шырқады.
Бірінші қабатта бір серпілген көрермен кейін өз орындарына жайғасты. Залда тыныштық орнап, шымылдық ашылды. Сахнада жүрген актерлер Сәрсенбай мен Шолпан есімді ерлі-зайыптыны сөз етті. Олардың қосылғандарына 3 жыл болған, бірақ араларында бала жоқ. Есесіне кіршіксіз таза сезім бар еді. Көрші-қолаң ағайын-туыстың әңгімесі оларды қызықтырмайтын. Шолпан тіпті Жаратқаннан “Бала бере көрмеш деп тілейтін”.
Кейін осылай деп жалынатын болды. Басын сәждеге қойып, күндіз-түні дұға тілейтін. Арада баланың болмауына – Сәрсенбайдың бедеулігі себеп. Қайғыдан құса боп жүрген отбасы осылай 8 жыл өткізеді. Күндердің бір күнінде Шолпанды жаман ойлар мазалайды. Арамдықтың арбауына түскен әйел Сәрсенбай жоғында 18 жастағы Әзімбай есімді қайын інісімен көңіл қосады. Бұл жағдай жарты жыл бойы қайталанады. Сөйтіп, Шолпанның құрсағына бала бітеді. Ақ төсегінің арамдалғанын білген Сәрсенбай Шолпанды соққыға жығады.
Осылайша, Шолпанның баласы шетінейді, ал өзі келесі күні қайғыдан қан жұтып, қаза табады. Жалпы, бұл әйел рөлін театрдың талантты актрисасы Жанар Насырова сомдады.
ЖАНАР НАСЫРОВА, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:
– Актерлар өз-өздеріне тоймайды. Әрбір спектакльден кейін бұдан да жақсы ойнай алар едім дейді. Жаңа маусымда жақсы жаңалықтар күтеміз. Жақсы рөлдер алып, режиссерлермен жақсы жұмыс жасаймыз деген ниттеміз.
Спектакльден кейін театр басшылығы ағайынға қатарға тыңнан қосылған 10-нан аса өнерпазды таныстырды. Биыл қара шаңырақ жас талантты актерлермен толықты. Теріскейде тер төгетіндердің бірі алматылық – Олжас Омаров.
ОЛЖАС ОМАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:
– Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын биыл аяқтадым. 4-ші курстың 4 айын осы театрда өткіздік. Қала ұнады. Театр өте керемет. Сондықтан, группамыздан 9 актер осында қалды.
Бойы рухани азық пен эмоцияға толған жерлестеріміз өнер ұжымына сәттілік тіледі.
– Көрерменіміз көп болсын. Ұжымға шығармашылық табыс тілемін. Қатарға әдемі-әдемі жастар келіп жатыр. Оларға да табыс тілемін.
– Өте жақсы маусымашар болды. Спектакль тамашаладық. Театр халыққа қызмет ете берсін.
Алдияр Айтпаев