Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Сарбасов келді

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов келді. Ол ең алдымен «Мұнаймаш» зауытына барды. Бүгінде кәсіпорында 100-ге жуық адам еңбек етеді. Мұнда мұнай өндірісі мен жүк вагондарына арналған құрал-жабдықтар жасалады. Бірінші вице-министр қызметкерлерге жасалған жағдайды сұрастырып, әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңашылдықтарға тоқталды.

АҚМӘДИ САРБАСОВ: ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:

– Ең бастысы, Президенттің әлеуметтік-еңбек саласының барлық бағыттары бойынша айтқан тапсырмаларын өңірлік қызметтерге жеткізу. Биылғы жылы өзгерістер көп. Жаңа әлеуметтік кодекс қабылданды. Мемлекет басшысы бірқатар тапсырмаларды енгізді. Соның ішінде еңбек саласындағы қауіпсіздік тұжырымдамасын атап өтті. Біз соны қадағалауымыз қажет.

Содан кейін Ақмәди Сарбасов «Alageum Еlectric» зауытына бас сұқты. Оған трансформаторларды құрастыру барысы баяндалды. Компания өнімдерін көбінесе шетелге жібереді екен.

– Мына жақта не бар? Бұл жер дәнекерлейтін жер. Материал күйінде келген затты толық обработка жасап дайын бактар осылай болып шығады.

Зауыттағы заманауи құрал-жабдықтың тең жартысы өзге елден жеткізілген. Мәселен, бір станоктың құны 250 мың евроны құрайды. Электротехникалық зауытта 180 адам жұмыс істейді. Оның 60 пайызы – қоныс аударушылар. Қызметкерлердің жалақысы 300 мың теңгеден басталады. Жалақы көңілге қонымды болғанымен кадр мәселесі әлі де өзекті.

Компания басшылығы жұмысшыларының жалақысын 25 пайызға арттырған. Алдағы уақытта тағы 300-ден аса адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, қызметкерлердің жұмысын жеңілдету үшін 2 млрд теңгеге робот сатып алу жоспарланып отыр.

ЕРСҰЛТАН ШАМШИЕВ, «Alageum Еlectric» холдингтік компаниясының директоры:

– Былтыр орта жалақы 220 мың теңге болса. Биыл біз 350 мың теңгеге апарайын деп жатырмыз. Қазірдің өзінде тамыз айында жұмысшылардың жалақысын 330-ға жеткіздік. Жылдың соңына дейін сварщиктер міндетті түрде қолдарына 500 мың теңге алу керек.

Компания өкілдері жұмысшыларға арнап баспана тұрғызуда. Бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасов құрылыс қарқынын бағамдады. 9 қабатты 104 пәтерлі үйдің қабырғасы 2022 жылдың сәуір айында қалана бастаған. Жоспар бойынша көпқабатты тұрғын үй келесі айда қолданысқа тапсырылуы тиіс. Баспана өзге өңірден қоныс аударған жұмысшылары мен үйге мұқтаж өзге де қызметкерлеріне берілмек.

 

Гульден Симбаева