Өңірімізде волонтерлік қозғалыс жылдан-жылға дамып келеді. Елдің ертеңі саналатын белсенді қыз-жігіттер қазір бірнеше бағытта тер төгуде. Соның бірі – жалғызілікті қарттарға, зейнеткерлерге жәрдем. Аз-кем сандарды сөйлетейік. Жыл басынан бері өлкемізде 400-ге тарта іс-шара өтіп, 600-ден астам аға буын өкіліне түрлі көмек көрсетіліпті. Сонымен қатар, іні-қарындастар да ұмыт қалмаған.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО “Birgemiz” волонтерлік фронт-кеңсесінің басшысы:
– Тамыздың 1-і мен 31-і аралығында облыс аумағында жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Онда еріктілер демеушілерді тартып, 300-ге жуық баланы кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті. Мұндай шара жыл көлемінде өтетінін айта кету керек. Мысалы, биыл біздің облыста 220-ға жуық бастама ұйымдастырылып, 800-ден астам бала мен мұқтаж отбасыға көмек көрсетілді.
Мұнымен тоқтап қалмай, еріктілер қозғалысын одан әрі дамыту қажет. Осы мақсатпен өңірімізге “Ұлттық волонтерлер желісі” заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк келіп отыр. Астаналық мейман сапары барысында әр облыстағы әріптестерімен тілдесіп, саланы алға жылжыту үшін ұсыныс-тілекті қағазға түртіп алғысы келеді.
ТАТЬЯНА МИРОНЮК, “Ұлттық волонтерлер желісі” ЗТБ атқарушы директоры, Астана қаласы:
– Солтүстік Қазақстан облысы – біз келіп отырған 6-шы өңір. Мұнда белсенді қыз-жігіттердің барын білеміз. Оларға көмек қолын созу – біздің міндет. Осы жылы волонтерлікті дамытудың жаңа жол картасы жасалады. Бұл құжатта саладағы өзекті тұстарды қамтымақпыз. Сондықтан, өңірлерді аралап жүрген жайымыз бар.
Мейманның сөзінше, қазір Қазақстанда 200 мыңнан астам волонтер бар.
Байболат Култанов