Экология

Есіл өзеніне балық жіберіліп жатыр

Петропавл балық питомнигінде – қызу жұмыс. Мұндағы мамандар 3 ай бойы күтіп-баптаған тұқы балықтарын су қоймаларына жіберуге әзірленіп жатыр. Қолдарына арнайы тор ұстағандары шабақтарды аулап алып, шелекке салады. Ал Анастасия Молоткова шелектегісін бір-бірден алып, таразыға салады. Яғни, салмағын өлшейді. Тіршілік аясына жіберілетін балықтың салмағы 12 грамнан төмен болмауы керек.

АНАСТАСИЯ МОЛОТКОВА, Петропавл балық питомнигінің цех меңгерушісі:

– Осы шабақтарды ертең Сергеев су қоймасына жібереміз. Барлығы – 560 мың бас. Арнайы тоғандағы балықтарды жаз бойы қоректендіріп, күтіп -баптадық. Үнемі оттегі көлемін өлшеп отырдық. Тағы 450 мыңын іріктеп алып қойдық, оны да бүгін Есіл өзеніне жібереміз.

Балықтардың питомниктегі бассейннен аулануынан бастап су қоймасына жіберілгенге дейінгі процесті арнайы құрылған комиссия бақылайды.

МАРАТ ЕСІМСЕЙІТОВ, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

– Комиссия балықтың көлемінің, салмағының дұрыс болуын қадағалайды. Бұл процесті кемінде 3 адам бақылауда ұстайды. Балық питомнигінің мамандары су қоймасына балық жіберу жұмысын жыл сайын жүргізеді.

Мамандар су қоймасына қыркүйек айының соңында дейін 1 млн-нан астам шабақ жібереді. Мемлекеттік тапсырыс аясында көктем мен күзде атқарылатын жұмысқа биыл 70 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген.

 

Ақжүніс Мұқатай