Қоғам

Сұлулық сайысына қатысып жатқан теріскейлік аруға қолдау қажет

“Кеңсе аруы-2023”. Солтүстікқазақстандық Любовь Усбановаға қазіргі таңда сіз бен біздің қолдауымыз қажет. Жылдың басында ол алғаш рет сұлулық сайысына қатысуға бел буыпты. Елдегі іріктеуде жерлесімізге тең келетіндер болмаған. Оның сұлулығы мен сымбаты, таланты мен табыстылығы талайды тамсандырған.

ЛЮБОВЬ УСБАНОВА, қала тұрғыны:

– Іріктеуде өзім туралы бейнежазба жолдадым. Таланттар сайысында фортепианода ойнадым. Нәтижесінде елдегі небір сұлу арулардан басым түстім. Қазір халықаралық жарыстың жартылай финалындамын. Шешуші кезеңге 20-дан астам елден жиналған 130 арудың тек 30-ы жолдама алады.

Бәсекесі жоғары байқаудың ауқымы да кең. Өткен жылы бұл сайысты тікелей эфирден 7 млн-нан астам адам тамашалаған. Бүгін сағат 12-де қатысушыларға дауыс беру басталды. Көп түкірсе көл болар демекші, ел намысын қорғап жатқан Любовь Усбанованы жұртшылықтың қолдауы қажет. Ол үшін “Instagram” желісіндегі “missoffice” парақшасындағы арнайы сілтемеден өтіп, аруға дауыс беру керек. Науқан 9-шы қазанға дейін жалғасады. Конкурстың финалына өткен қыз-келіншектер 25-ші қараша күні Мәскеуде мықтыны анықтайды.

ЛЮБОВЬ УСБАНОВА, қала тұрғыны:

– Мен үшін әр дауыс маңызды. Отандастарым жұдырықтай жұмылса, финалға жолдама алуға мүмкіндігім бар. Ақтық кезеңге өтсем, жеңу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Тұтастай ел артқан сенімді ақтауға тырысамын. Айта кететіні, бір ұялы телефон арқылы күнделікті бір дауыстан беріп отыруға болады. Ережеге сәйкес дауыс берушілер бір мезетте үш қатысушыны таңдауы керек.

Қазір нәзікжандыға жақындары мен достары, жерлестеріміз жан-жақты қолдау көрсетуде. Әлеуметті желілерде арнайы топтар ашылып, қол жиналуда. Әріптестері де зор демеу көрсетуде.

– Любовь – өз ісіне жауапты, жан-жақты жан. Өз ісінің нағыз шебері. Барлығын оған дауыс беруге шақырамын”.
– Қатысушылар арасында Любовьтің үздік екені сөзсіз. Ел халқының қолдауына үміт артамыз. Барлығымыз бірлесіп, оның жеңімпаз болуына ат салысайық.

 

Алдияр Айтпаев