Экология

Петропавлдықтар дүниежүзілік сенбілікке қатысты

Айнала күл-қоқыстан тазартылды. Өткен сенбі күні қолдарына қолғап киіп, қап ұстаған қала тұрғындары шаһарымыздың әр жерінде қоқыс жинады. Көпшілік сонау шет елден бастау алған дүниежүзілік шараға қатысты. Қаладан 15 минуттық жердегі Тепловское орман шаруашылығын жинастыруға экология департаментінің мамандары білек сыбана кірісіп кетті.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Бұл акция негізінен 2008 жылы Эстониядан басталған. Қазіргі таңда 180 мемлекет осы шараға қосылып отыр. Оның ішіне Қазақстан да бар. Ең басты мақсаты – табиғатымызды аялап, қалдықтарды сараптау немесе кәдеге жарату.

Білек сыбана кіріскендердің арасында Андрей Славный да бар. Ол бұл шараға жыл сайын қатысады. “Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – адамзаттың парызы”,- дейді.

АНДРЕЙ СЛАВНЫЙ, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Бұл акция жыл сайынғы бір күндік сенбілік болғанымен, шығу тарихы бар әрі маңызы өте зор. 2008 жылы 50 мың эстониялық қыркүйек айында бірден бүкіл елді тазартуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, барлық орман, жағажайды қоқыстан тазартып шығады. Бұл үрдіс өз жалғасын тауып, 10 жылдан кейін халықаралық мәртебесі бар акцияға айналды. Біз кейде табиғаттың барын ұмытып кетеміз. Ойымызға келгенін жасай берсек, табиғат бір күні мүлдем жойылып кетуі мүмкін.

Жалпы, акция аясында қаламызда тазартылуы тиіс 36 жер белгіленген. Былтыр солтүстікқазақстандықтар бұл күні 300 тоннадан астам қоқыс жинап, оны қайта өңдеуге жіберген.

ЖАНЕЛЬ БАТАНОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Аталған шарадан біздің облыс тұрғындары да шет қалмады. Акцияға кәсіпорындардың еңбек ұжымдары, дүкен иелері және басқа сала өкілдері де қатыстып жатыр. Қалалық әкімдіктің қызметкерлері де шет қалмады.

Әмина Әбенова – жас маман. Мұндай сенбілікке алғаш рет қатысып жатыр.
Дегенмен, белсенділік танытуда.

ӘМИНА ӘБЕНОВА, қалалық құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы:

– Табиғатты қорғау – біздің міндетіміз болып саналады. Табиғат – ол тіршіліктің құт-берекесі. Сонымен қатар, қазір экология мәселесі де нашарлап кетті. Оны қорғау, аялау қазіргі жатардың қолында деп ойлаймын.

Сенбідегі сенбілікке барлығы – 7 мыңға жуық солтүстікқазақстандық қатысты. Табиғат жанашырлары тағы да 300 тоннадан астам қоқыс жинапты.

 

Ақжүніс Мұқатай