Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында 80 бірдей үйірме жұмыс істейді. Мамандар 1000-нан астам ұл-қызға көркемдік-эстетикалық, спорттық, қолданбалы мен техникалық және әлеуметтік-педагогикалық бағыттар бойынша қосымша білім береді.
ИРИНА КОЛОДАЕВА, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:
– Бүгін орталықта «Hello Center» атты ашық есік күні өтіп жатыр. Сахнада үздік шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді. Мамандар балаларға сахна төрінде өздерін қалай ұстау қажет екенін үйретеді. Ұл-қыздардың өнерге деген қызығушылығын одан әрі ашамыз. Олар түрлі шараларға қатысып, жүлделі орындар иеленуде.
Сахнаға бірінші болып мың бұралған «Қуанамын» би студиясының қыздары шықты. Олар «Астана» биін биледі. Қыздардың өнері көрерменді бірден баурап алды.
ЯНА МУСАБАЕВА, «Қуанамын» би студиясының бишісі:
– Ұжымда 16 адам бар. Бимен айналысқаныма 8 жылдай болып қалды. Біз әрқашан байқауларда бірінші орын және гран-при аламыз. Соңғы рет Шымкентте өнер көрсеттік. Жүлделі орынға ие болдық.
Ал фоеде сегіз қырлы, бір сырлы ұл-қыздардың шығармашылық жұмыстары қойылған. «Күзгі симфония» деген атаумен ұйымдастырылған облыстық байқауда балалардың 150-ге жуық туындысы топтастырылған. Оған өңірдің 9 ауданынан келген оқушылар қатысты. Қазылар алқасы әуелі туындының эстетикасына назар аударады. Бармағынан бал тамған Кристина Ляшенко шараға «Күзгі композиция» атты еңбегін әкеліпті. Ол қолдан жасалған үлгіде қоршаған ортаның байлығын көрсеткісі келген екен.
КРИСТИНА ЛЯШЕНКО, байқауға қатысушы:
– Мынаған 3 сағат уақытымды жұмсадым. Табиғи материалдардан жасадым. Шыбық, жеміс-жидек пен жапырақ қолдандым. Асқабақты да қостым.
Байқау жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Гульден Симбаева