Түнгі рейдтер, дала жолдарындағы тексерулер және бейнекамераларды орнату жұмыстары. Өңірде “Астық-2023” жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Мобильді топтар егістіктер мен астық қоймаларын үнемі қадағалауда. Мамандар астық жинауға байланысты қылмыстардың алдын алуға баса назар аударып отыр.
ЕҢБЕК ТАЛАСПАЕВ, Дубровное ауылдық астық қабылдау пунктінің меңгерушісі, Мамлют ауданы:
– Биылғы жылғы егінді жинау жұмысы уақытылы жүргізіліп жатыр. Алайда, жаңбырдың кесірінен біраз кедергілер болуда. Бірақ, соған қарамай комбайнерлер барлық істі жасап жатыр. Полиция қызметкерлері жағынан тиісті көмек көрсетілуде. Ешқандай ұрлық жасалмады. Міне, осы егінді аман-есен жинап алсақ болды.
“Астық” операциясының басты мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірушілерін ұрлық-қарлықтан сақтау. Бұл бағытта әр ауданда мобильді топтар құрылған. Олардың құрамында тәжірибелі жедел қызметкерлер, учаскелік және патрульдік полицейлер бар. Бүгінгі күнге дейін егін ору науқанымен байланысты Жамбыл ауданының аумағында ғана бір ұрлық тіркелген. Ал жыл басынан 11 факті тіркелді.
МАРАТ ХАЛИМУЛИН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
– 18 тамыздан бастап СҚО аумағында “Астық-2023” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Іс-шараның басты мақсаты – жаңа орылған егін, жанар-жағармай, гербицид, ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектердің ұрлануына жол бермеу. Криминалдық полиция қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп түнгі рейдтер, оның ішінде – элеваторларға барулар арқылы тексерулер жүргізуде.
Жалпы, шаруашылықтардағы ұрлықтарға көбінесе кәсіпорын қызметкерлерінің өздері барып жатады екен. Сондықтан да шаруа қожалықтары өз объектілеріне бейнебақылау камераларын орнатулары қажет. Айта кетейік, “Астық-2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы 10 қазанға дейін жалғасады.
Алдияр Айтпаев