Бүгін “Тоқта. Қауіп” спектаклінің премьерасы. Қойылым тетардың 34-ші маусымының шымылдығын ашты. Григорий Лайконың режисерлігімен қойылған туындыны театр ұжымы тамыз айынан бері дайындаған. Жеткіншектер залға кірмес бұрын төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өз құрал-жабдықтарын тізіп, шағын көрме өткізді.
СЕРГЕЙ ЧЕРКАСОВ, СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының бастығы:
– Қолымда ұстап тұрған бұл дүние су астында қолдануға арналған. Гидрокостюмнен, балонды кеудешеден тұрады. Аспалы сөмке сияқты тағуға арналған. Судың ішінде жүргенде артық суды шығарып тастайды. Ал баллонда 18 литр ауа болады.
Қабылдануы жеңіл, көркем де астарлы спектакльде 2 кейіпкер ойнайды.
Спектакльге өмірдегі балалардың басынан өтіп жатқан қауіпті жағдайлар арқау болған. Алғашқы сахна ата-анасының қарауынсыз қалған бала туралы. Үйінде жалғыз қалған бүлдіршін өз бетінше тамақ әзірлемек болып, телефонның қызығына кіріп кетеді. Салдарынан өрт шығып, балаға қауіп төнеді. Осының астарындағы абай болу туралы ой балаларға жеңіл түрде, әзіл арқылы жеткізілді.
ҚАЛҚАБЕК НҰРСҰЛТАН, облыстық қуыршақ театрының актері:
– Біз бұл қойылымға 1 ай бойы дайындалдық. Жұмыс барысы өте көңілді, белсенді өтті. Терең мағынасы бар қойылымнан балалар пайдалы ақпар алады деген үміттеміз. Айтылған ойды жадында сақтап, абай жүрсе, өкінішті жағдайлар да аз болады.
Спектакльден кейін балаларға сұрақ қойылды. Балғындар таласа жауап беріп, ойларымен бөлісті.
– Біз үйдегі қауіпсіздік туралы қойылым көрдік. Маған өте ұнады. Балаларға ата-ананың көмегінсіз ештеңе жасауға болмайды.
– Қойылым өте қызық әрі күлкілі. Мен бұл театрға жиі келемін. Қуыршақтар қойылымы өте ұнайды.
“Тоқта. Қауіп” қойылымы көрерменге екі тілде ұсынылады. Қойылу ұзақтығы – 45 минут.
Ақжүніс Мұқатай