Спорт

Шорт-тректен республикалық чемпионат басталды

Бүгін спорт сарайында шорт-тректен ел чемпионатының ашылуы өтті. Дүбірлі додаға 9 өңірден 100-ден астам жасөспірім жиналыпты. Жарыс басталмай тұрып қаз-қатар тізілген қатысушы жас буынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов сәттілік тіледі.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Шорт-трек спортынан мұндай ауқымды жарыс солтүстік өңірде алғаш рет өтіп жатыр. Бүгінгі қатысушыларға сәттілік тілеймін. Еліміздің намысын әлемдік деңгейде қорғауларыңызға тілектеспін.

Ұл-қыздар 770 метр қашықтыққа дейін сырғанап жарысады. Мұз айдын шеберлерінің деңгейлері де әр түрлі. Мәселен, қызылордалық Нұрила Сезбекованың бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне 2 жылдың ғана көлемі болған. Дегенмен, ел бойынша қалаларды аралап үлгеріпті.

НҰРИЛА СЕЗБЕКОВА, жарысқа қатысушы, Қызылорда облысы:

– Мен осы уақыт ішінде 2 рет Өскеменге, Астана мен Алматыға бардым. Бұл қалаға алғаш рет келіп тұрмын. Бүгінгі жарыс сәл қиын болды, соңғы кезде шаршап қалдым. Осы жарыстан орын иеленемін деп ойлаймын. Қызылордадан 9 бала келдік.

Бәсекелі сайысқа 22 солтүстікқазақстандық ұл-қыз қатысып жатыр. Өңіріміздің намысын қорғаушылардың бірі – Мария Шумакова.

МАРИЯ ШУМАКОВА, жарысқа қатысушы, СҚО:

– Менің бұл спортпен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. Анамның ұсынысымен келдім. Өзіме сырғанаған ұнайды. Басқа қалаларға да барамыз. Осы жарысқа жаз бойы күнделікті дайындалдық.

Мемлекеттік жаттықтырушы Азамат Әлиевтің айтуынша жылдан-жылға қатысушылар саны артып келеді. Осы жарыста жеңімпаз және жүлдегер болғандар ұлттық құрамаға еніп, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

АЗАМАТ ӘЛИЕВ, ҚР ұлттық құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы:

– Айта кететін жайт, бұл жарыс түрі солтүстік өңірде алғаш рет өткізіліп жатыр. Бұндай жарыстың өтуі бұл өңірде спорттың дамуына өз үлесін қосады. Шорт-трек спортының бұл жақта ашылғанына 6 жыл болды. 2017 жылы ашылған болатын. Сол уақыттан бері балалар жасында осы спорт түрінен жүлделі орындар иеленіп жүргендер бар. Осы қарқында жалғастыра берсе, ұлттық құраманың резервтік құрамына өтуіне мүмкіндік ашылады.

4 күнге созылатын жарыс жексенбі күні мәресіне жетеді.

 

Ақжүніс Мұқатай