ТКШ

Облыста жылыту маусымында 618 мың тонна көмір жағылады

Жылыту маусымына дайындық қарқыны. Биыл қауырт кезеңде облыста 1131 әлеуметтік нысан мен 1400 тұрғын үй жылумен қамтылмақ. Ол үшін 494 қазандық жұмыс істемек. Алдағы қыста 618 мың тонна көмір жағылады деп жоспарлануда. Мұны энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин мәлімдеді. Өңірлік комуникациялар қызметі алаңында азамат аудандардағы қазіргі жағдайды баян етті.

ВЛАДИСЛАВ ЛУКИН, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Аудандарда 24 орталықтандырылған қазандық жұмыс істемек. Олар 357 объектіні жылумен қамтымақ. Биыл қазандықтарды дайындауға 763 млн теңге бөлінді. Оның 609,7 млн-ы игерілді. Қазір тиісті жұмыс Айыртау, Мамлют, Ғ.Мүсірепов және Тимирязев аудандарында жалғасуда.

Ал орталық жылыту желісіне қосылмаған жерлестеріміз дайындықты тездеткен жөн. Облыс аумағында көмір дайындап және оны сататын 32 нүкте бар. Қазір пунктерде 33 мың тонна қара отын жатыр. Халыққа қыстан қысылмай шығу үшін 419 мың тонна қажет. Ағайын бүгінде оның 157 мыңын алып үлгеріпті.

ВЛАДИСЛАВ ЛУКИН, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Өңірге көмір жеткізуде еш мәселе туындамас үшін облыс әкімдігі “Жүк тасымалы” АҚ-мен бірлесіп жағдайды бақылауда. Күнделікті өңірге жеткізілуі тиіс қара отын кестесінің сақталуын қадағалаймыз. Мөлшердің сәйкестігін тексереміз. Көмірдің бағасы оның маркасы мен қайдан жеткізілгендігіне байланысты. Қазір 1 тоннасы 12500 бен 20 мың теңгенің аралығында.

Алдағы уақытта өңірге 228 мың тонна көмір келмек. Қара отын қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында біртіндеп жеткізіле береді. Владислав Лукин жылыту маусымының нақты қашан басталатынын дөп басып айта алмады. Бірақ, азаматтың тұспалы бойынша шамамен қыркүйектің 20-сынан кейін үйлерге жылу беріле бастайды. Бәрі ауа райына байланысты.

 

Алдияр Айтпаев