Құқық қорғау органдары

Үздік жедел уәкіл анықталды

Полиция департаментінде дәстүрге айналған байқау өткізілді. 20-ға жуық тәртіп сақшысы ақыл-ойымен де, білек күшімен де сынға түсті. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Қуандық Қапаров үздік деп танылды. Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан маман туралы әріптесі Иван Терзиди өз ойымен бөлісті.

ИВАН ТЕРЗИДИ, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Биыл өткізіліп жатқан байқаудың ерекшелігі – оған департаменттің барлық жедел бөліністерінің қызметкерлері қатысуда. Өткен жылдары өткізілген байқауларға тек криминалдық полиция қызметкерлері қатысқан болатын. Полиция майоры Қапаров есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінде 2020 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Оның тікелей қатысуымен бірқатар есірткі қылмысы анықталды.

Қуандық Қапаров – Тимирязев ауданының тумасы. Қос жоғары оқу орнын тәмамдаған. Тұрақты түрде спортпен шұғылданады.

ҚУАНДЫҚ ҚАПАРОВ, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

– Технологиялар дамыған сайын заман ағымына сай болып, үнемі жаңа нәрселерді меңгеріп отыру қажет. Жедел уәкіл жұмысында жан-жақты болуы тиіс. Қылмыскерді әшкерелеуде түрлі әдіс-тәсілді білу керек. Кез келген уақытта қылмыскермен бетпе-бет келіп қалуың мүмкін. Сондықтан, жедел қызметтегі полицей шыныққан, білімді, өз-өзіне сенімді болғаны дұрыс.

Алдағы уақытта жеңімпаз Қуандық Қапаров республикалық деңгейде өтетін байқауда өңір намысын қорғайды.