Балалар

Жемқорлық пен нашақорлық – қоғам дерті

Полицейлер мен еріктілер студенттермен кездесті. Бас қосу барысында сыбайлас жемқорлық пен нашақорлық сөз болды. Статистикаға көз жүгіртсек, сандар көңіл көншітпейді. Облыста жыл басынан бері 170 есірткі қылмысы анықталған. Заңсыз айналымнан 700 келіден астам
есірткі тәркіленіпті. Оны таратқан 85 адам темір торға тоғытылды. Ал психикалық денсаулық орталығында 548 жас нашақорлыққа тәуелділіктен емделіп жатыр. Олардың жасы шамамен 18 бен 25 аралығын құрайды.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Мәселе өзекті. Нашақорлықпен, сонымен қатар, жемқорлықпен қалай күресуге болатынын талқылау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, ПД және ЖИТС ауруының алдын алу орталығының мамандарын шақырдық. Биыл біз 4 бағыттан тұратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік қызмет ұйымдастырдық. Бұл жастардың бейінді орган өкілдерімен бірге жұмыс істеуге жұмылдыруға бағытталған.

Белсенді волонтерлердің бірі – Арам есімді азамат. Ол М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжде оқиды. Болашақ бастауыш сынып мұғалімі еріктілікті қатар алып жүр.

АРАМ, волонтер:

– Мемлекеттік мекемелердің жұмысына көмектестім. Мен есірткі қолданатын және сыбайлас жемқорлыққа жол беретін адамдарды іздедім. Олар өздерінің істеп жүргендерін дұрыс деп ойлайды. Студенттер арасында да синтетикалық нашаны сатып жүргендер бар. Есірткіге адамдарды көп жағдайда достары немесе таныстары итермелейді.

Өңірде қоғамдағы жемқорлық және нашақорлықпен күрес жолында 30-дан астам ерікті белсенділік танытуда.

 

Алдияр Айтпаев