“Жастардың бойында патриотизм мен азаматтықты қалыптастыруда мемлекет, қоғам және отбасы ресурстарын біріктіру”. Петропавлда үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен XI азаматтық форум өтті. Бүгінде өңірде осындай 460-тан астам бірлестік бар. Ұйымдар түрлі жобаларды жүзеге асыру арқылы қоғамды дамыту ісіне ат салысып келеді.
ОЛЖАС ЫДЫРЫСОВ, облыс әкімі аппаратының басшысы:
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыруды жылдан жылға ұлғайтып келеміз. 2022 жылы облыс бойынша 228 млн теңгені құрайтын 94 жоба қолға алынған еді. Ал биыл 303 млн теңгеге 97 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Форумға арқау болған тақырып өзекті. “Ел болам десең, бесігінді түзе” демекші, алғашқы қадамды отбасы ішіндегі тәрбиеден бастау керек. Осы орайда “Сенімен Болашақ” ұйымының өкілдері отбасы мәселесі бойынша біршама іс атқаруда. “Біз болашақпен бірге” жобасы аясында өңірде өткен жылы – 99, ал биыл 66 семинар өткізіпті. Ұйым филиалының жетекшісі Жанат Мұхамеджановтың айтуынша қоғамда баланы ғана емес, ата-ананың жүріс-тұрысын да тәрбиелеу қажет тұстар көп.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:
– Мәселен, облыс бойынша 170-ке жуық ата-ана өз парызын өтемей жүр. 9 жасөспірім суицид жасап, оның 2-еуі өмірден озды. Сондай-ақ, 30-дан астам мектеп оқушысының аяғы ауыр болып қалған. Яғни, “Біз бүгінгі күні кімді тәрбиелеп, қандай болашақты қалыстырып жатырмыз?” деген сұрақ. Президент Қ. Тоқаев Түркістанда өткен құрылтайда отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау, бала тәрбиесіне нығыздап қарау туралы баяндамада айтып өткен болатын. Біздің ұйым да осы осы мәселе төңірегінде 2 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.
Жалпы, бірлестіктің басты мақсаты – саналы ата-аналардың санын көбейту. Бала тәрбилеуде әкенің де маңызы зор екенін ескере кеткен жөн. Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, алайда, мектепте өткен жиналыстардың өзіне келетін әкелердің саны аз. Яғни, бұдан әлі де жауапкершіліктің басым бөлігі аналардың мойнында екенін көруге болады.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:
– Жасыратыны жоқ, біз мектепке, балабақшаға барған кезде жиналыстардың көбіне тек аналар келетінін байқаймыз. Былтыр облыста алғаш рет “Ата-аналар” форумын өткіздік. Онда отбасындағы ата-ананың рөлі, буллинг, суицид секілді тақырыптарды қозғадық. Енді биыл “Әкелер форумын” өткізу жоспарда бар.
Өңірімізде 2017 жылы құрылған “Қазақстанның болашағы үшін” деп аталатын ұйым белсенді жұмыс істеп келеді. 5 жыл ішінде 5 мыңнан астам жасты дебат ойындарына баулыпты. Мақсаттары – ел қамын ойлайтын жастардың қатарын арттыру.
РҮСТЕМ АРМАНОВ, “Қазақстанның болашағы үшін” қоғамдық студенттік бірлестігінің жетекшісі:
– 2022 жылы біздің балалар ұлттық пікірсайыс турнирінде “play off” жасаған болатын. “Shyn” пікірсайыс клубының мүшелері Шымкент, Қостанай, Ақтау, Ақтөбе қалаларында жеңімпаз атанды.
Бұл алқалы жиынның республикалық деңгейдегі жалғасы қазан айында Астана қаласында өтеді.
Аснурия Абдула