Қоғам

Уәлиханов ауданына – 95 ЖЫЛ

Уәлиханов ауданы 1928-ші жылы құрылды. Облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардың бірі. Уәлиханов ауданының 95 жылдық мерейтойы
кең ауқымда аталып өтті. Мерекелік іс-шара Мәдениет үйінде «Туған жер – ата-бабадан қалған ұлы мирас» атауымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференциядан бастау алды. Алқалы жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, тұрғындар, ауданда туып өскен ғалымдар мен профессорлар қатысты. Олар Уәлиханов ауданының құрылуы, тарихы туралы сөз қозғап, ауданды әрі қарай дамыту туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Осы жылдар арасында біздің аудан жапан түздегі шағын ауылдардан өсіп, 11 округке және 27 елді мекеннен тұратын СҚО-ның серпінді дамып келе жатқан аудандарына айналды. Біздің аудан – солтүстігінде РФ Омбымен, шығысында Павлодар облысымен, оңтүстігінде Ақмола, батыс жағында СҚО-мен шектесіп жатқан темір жол және автомобиль жолдары тоғысқан күретамыр.

Уәлиханов ауданы – қазақтың талай тарланын дүниеге әкелген құт мекен. Мұнда Смағұл Сәдуәқасов, Сәкен Жүнісов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және Абай жайында алғаш рет баспа бетінде материал жариялап, абайтанушы атанған Зейнелғабиден аль-Жауари да осы өлкеден шыққан. Лев Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Серік Негімов туған жеріне жылда келіп тұрады. Академиктің айтуынша, аудан жыл сайын көркейіп келеді.

СЕРІК НЕГІМОВ, Л.Гумилев ватындағы ЕҰУ профессоры:

– 95 жылдығы өте дұрыс аталып өтіп жатыр. Себебі, бұл өзінің жерінің байлығымен, қазынасымен, тарихи тұлғаларымен, қазіргі тәуелсіздік заманындағы елге, жерге еңбек сіңірген ерлерімен ерекшеленеді.

Архивте сақталған құжаттарға сәйкес аудан құрылғанында құрамында 134 елді мекен болған. Қазіргі таңда соның 28-і қалған. Бүгінде ауданда 15 мыңға жуық адам тұрса, соның 7 мыңы – Кішкенекөл ауылының тұрғыны.

ЖАНДОС МӘДИҚАЖЫҰЛЫ, Ақжар аудандық архивінің қызметкері:

– Қызылту ауданы аудан болып 1928-ші жылы құрылған. Ол уақытта уезі Чарлаг болған. Ақмоланың губерниясы Қызылжар болған. Бұл туралы архивте жазылған. Қызылжар Чарлагтан алыс болған соң әкімшілік билеу қиыншылыққа ұшырағандықтан Чарлаг уезі алыс болса да орыс уезіне қараймыз деп Қызылжарға қараған. Сол кезде біздің атауымыз Петропавл емес Қызылжар болған.

Бұл күні меймандарға арналған шағын көрме де ұйымдастырылды. Мұнда жергілікті қолөнершілер өздерінің бұйымдарын ұсынды.

Жалпы, ауданның әлеуеті зор. Мәселен, биыл ел және облыс қазынасынан денсаулық, инфрақұрылым, білім беру сынды әр саланы дамыту үшін 7 млрд 600 млн теңге бөлінді. Аудан орталығы Кішкенекөл ауылында 250 орынға шақталған емхананың, тауарлы-сүт фермасының және бірқатар спорт нысанының құрылысы қолға алынған.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Инвестициялық жобаларға келетін болсақ, бізде 3 тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Келесі жылы аяқталады. Ауыз су мәселесі ең маңызды ғой қазір, оған Президентіміз де көңіл аударды. Биылғы жылы әжептәуір қаражат бөлінді. 6 елді мекенде су қорын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр, Мырзағұл, Қайрат, Золотая Нива жақта да жолдар ретке келтіріліп жатыр.

Ауданның 95 жылдығына орай Кішкенекөлдің ипподромында аламан бәйге де ұйымдастырылды. Облыстың әр ауданынан ат терлетіп келген шабандоздар өзара мықтыны анықтады. Ал дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде түйе палуандар жарысы өтті. Дүбірлі додаға 70 келі және одан да жоғары салмақтағы 17 палуан қатысты.

БЕКТАЙ ХАСЕНОВ, жарыстың бас төрешісі:

– Марапаттайтын сыйлық – 1-ші орынға 500 мың, 2-ші орынға 300, 3-ші орынға 200 мың теңге, белдесуден екі топтан шығады. 1-ші орын алғандар 1-ші орынға күреседі. Деңгейлері жақсы, біздің облыстың құрамасына кіретін палуандар күресіп жатыр.

Кейін аудан әкімі Қайрат Пішенбаев барлық жеңімпазды Мәдениет үйінде марапаттап, жерлестерін мерейтоймен құттықтап, бір тобына ауданның “Құрметті азаматы” атағын табыстады.


Уәлиханов ауданының 95 жылдығында кешкісін жастар үшін би кеші ұйымдастырылып, тұрғындар файер шоу мен мерекелік отшашу тамашалады.

 

Акжунис Мухатай