Білім

Өңірдегі орыс тілінде оқытатын 12 мектепте қазақ сыныбы ашылды

Биыл қаламыздағы Бірінші гимназияда тұңғыш рет қазақ сыныбы ашылды. Әкенің қанымен, ананың сүтімен келген дана тілімізде әзірге 13 бала білім алып жатыр. Ұл-қыздардың бойына тәлім мен тәрбиені тал бесіктен сіңіретін жан – Жазира Қайыржанова. Білікті ұстаз іріктеуден өту арқылы жұмысқа тұрыпты.

ЖАЗИРА ҚАЙЫРЖАНОВА, Бірінші гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:

– Менің бастауыш буында 23 жылдық еңбек өтілім бар. Балалардың барлығы мектепке даярлықпен келгені көрініп тұр. Сұрақтарға жауап береді. Ата-аналар жағы да бізді қолдап, көмектесіп жатыр. Қазақ сыныптарын ашу бастамасы әрі қарай жалғаса берсін!

“Тамшы тама-тама көлге айналады” демекші, әр орыс мектебінде қазақ сыныбының ашылуы – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің бірден-бір жолы. Бүгін – оқушы, ертең – студент, ал ар күні – маман, әке және шеше. Осы жолда ана тілді білетін әрі еркін сөйлейтін адам ғана Абай тілін дамыта алады, ұлтттық болмысты жоймайды. Оқушылардың жақындары болса гимназияда қазақ сыныбының ашылғанына өте қуанышты.

ҰЛАН ӘБДІРАХМАНОВ, қала тұрғыны:

– Мұндағы мұғалімдер өте білікті. Оны жақсы білемін. Үлкен ұлым осы мектепте 3-ші сыныпта оқып жатыр. Қазақ сыныбы ашылғанда өте қуандық. Бұл мектепте ағылшын, неміс тілдерін де тереңдетіп оқытады.

Қазақтың Қадырындай қайырсақ, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте! Айта кеткен жөн, биыл Бірінші гимназияда ғана емес, қаламыздағы тағы екі білім ұясында қазақ сыныбы ашылды. Ал қамтылған бала 33-ті құрайды.

АЛМАГҮЛ ОСПАНОВА, СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Сонымен қатар, мұндай жұмыс өңір аудандарында да жүргізілді. 6 ауданның орыс тілді 9 мектебінде қазақ сыныбы ашылды.

Аудандарды бірге есептесек, қазір орыс тілді 12 мектепте 87 бала ана тілімізде оқуда. Қоса кетейік, бүгінде өңірде 19 мыңға жуық бала қазақ тілінде білім алады.

 

Байболат Култанов