Қоғам

Бөлім басшысы лауазымына сай емес деп танылып, ескерту алды

Облыс орталығында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында әдеттегідей бұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметшілерге қатысты істер қаралды. Басы дауға қалға жанның бірі – Ақжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арыстан Әбілдинов. Ол лауазымына сай емес шешім қабылдапты.

АРЫСТАН ӘБІЛДИНОВ, Ақжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– Қыстыгүні 30 шақырым жолды қардан тазарту үшін бөлім мен “Болашақ” жеке кәсіпкерлігі арасында 1,6 млн теңгеге шарт жасалды. Сол келісім аясында кәсіпкер өзіне жүктелген істі толық атқарды. Сөйтіп, белгіленген уақытта есеп айырыстық. Алдымызда ақпан мен наурыз тұрды. Бұл айларға бөлім заң бойынша тағы келісімге келуі тиіс еді.

Алайда, Арыстан Әбілдинов басқаратын бөлім олай жасамады. Жаңа компания табу үшін тағы конкурс ойнату керек. Оған 45 күн керек. Ал солтүстіктің қытымыр қысы қарап тұрмайды. Кез келген уақытта боран соғып, жолды алып қалуы мүмкін. Осыны ескеріп мемлекеттік орган “Болашақ” жеке кәсіпкерлімен қайта шарт жасасқан және қосымша 3,6 млн теңге көлемінде қаржы бөлген. Мұны Әдеп жөніндегі кеңес бұзушылық деп таныды. Өз кезегінде бөлім басшысы лауазымына сай емес деп танылып, ескерту алды.

АРЫСТАН ӘБІЛДИНОВ, Ақжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– Бұл жол 4 ауылды байланыстырады. Елді мекендерде 2 мыңнан астам адам тұрады. Біз осындай қадамға баруға мәжбүр болдық. Себебі, қыстыгүні жолды қардан тазарту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің міндет. Әдеп жөніндегі кеңес мәселені қарап, шешім шығарды. Менің алып-қосарым жоқ.

Жалпы, Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы 7 мәселе қаралды.

 

Байболат Култанов