Енді солтүстік өңірдің бастауыш сынып оқушылары асханада тамақтану үшін күнделікті ақша жұмсамайды. Демек, ата-аналардың қалтасына салмақ салынбайды. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылып жатқан игі бастама. Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінде 680 оқушы болса, оның 303-і бастауыш сыныпта оқиды. Соның бірі – Арслан Арман. 4-ші сынып оқушысы көпбалалы отбасыдан.
АРСЛАН АРМАН, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің 4-сынып оқушысы:
– Былтыр анам мен әкем інім екеуімізге тамақ ішуге біраз қаражат жұмсайтын. Қазір сол қаражатқа оқу құралдарын, киім-кешек алып берді. Әрине, бұл үлкен көмек. Асхананың тамағы дәмді, өзіме қатты ұнайды.
Бұл жеткіншектің отбасында 4 бала бар. Үлкені өзі болса, өзінен кейінгісі биыл 1-сыныпқа қадам басыпты. Қалған 2-еуі балабақшада. Былтыр анасы Әсел Қайнуллина мектеп асханасына екі бала үшін күніне мың теңгеден беріп отырған.
ӘСЕЛ ҚАЙНУЛЛИНА:
– Мен былтыр көп қаражат жұмсайтынмын. Көпбалалы отбасы болғандықтан 2 балаға айына 8 мың теңге шығатын. Биылғы жылы тегін тамақтанып, сол қаражатқа мектепке керек заттарды алатын болдық. Балалар тамақты сүйсіне жейді, үйге келгенде мақтап келеді.
Бастауыштан бөлек, жоғары сынып оқушыларының арасында да тегін тамақтанатын 25 жас бар. Олар көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардан шыққан.
СӘУЛЕ ТҰРСЫНОВА, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің директоры:
– Мектебімізде оқушыларға деген керек талаптардың барлығы сақталған. Ең бірінші кезекте қауіпсіздік. Кіреберісте барлығы орнатылған. Одан қалды денсаулықтарына деген үлкен назар бар. Солардың ең бастысы – тамақтану. Балалардың денсаулықтарын нығайту, дәрумендеу барысында жасалып жатыр. Тегін тамақтың сапасын, күнделікті әзірленуін, құрамын ең бірінші өзім, сосын осындағы медбикеден талаптар қойылып, тексеріліп отырады. Ата-аналар да өз ризашылықтарын ылғи білдіріп жатады.
Облыс бойынша жалпы білім беретін 446 мектеп болса, 30 мың бала сонда бастауыш сыныпта оқиды. Барлығы тегін тамақпен қамтылған. Облыс бойынша бұл іске биыл 990 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша мектепке дейінгі балалардың оқу сағаты аз болғандықтан олар үшін мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.
Ақжүніс Мұқатай