Құқық қорғау органдары

Петропавлда биыл 300-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді

Интернет-алаяқтық әлі де тыйылар емес. Жыл басынан бері облыс орталығында 350-ден астам интернет-алаяқтық тіркеліпті. Осыған байланысты тәртіп сақшылары қала тұрғындарына айлакерлердің қолданатын әдіс-тәсілдері туралы айтты. Қазір баукеспелер тіпті қиналмайды да екен. Адамдардың ақшасын қашықтан-ақ жымқыруда. Олар өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырып, шотқа әлдебіреу шабуыл жасағанын айтады. Бұдан қорғану үшін «AnyDesk», «RustDesk», «TeamViewer» сынды қосымшаларды орнату қажет деп сендіреді. Бұл қосымшаларды телефонға орнатқан бетте-ақ құрылғы басқарудан қалады. Ал алаяқтар сол сәттті пайдаланып, шоттағы ақшаны өздеріне аударып алады немесе несие рәсімдеп үлгереді. Сондықтан, полицейлер таныс емес қосымшаларды орнатпау қажеттігін айтады. Жеке басқа қатысты ақпараттарды да ешкімге айтпаған жөн.

 

Аснурия Абдула