Құқық бұзушылықтың алдын алу. Бүгін қалалық әкімдік қабырғасында ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Көпшілік заңның ала жібінен аттау мен қылмыстың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан істерді жіпке тізді.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Ең бірінші, жасалған қылмыстар саны алдын алу шараларының сылбыр жүргізілуінен өседі. Ведомствоаралық комиссия іс-шаралардың тек қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де орындалуын қадағалауы керек. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасы бізде көңіл көншітпейді. Интернет-алаяқтық та белең алуда. Көбінесе пысықайлардың құрығына егде жастағы жандар тап болуда. Қылмыс кәмелет жасқа толмағандар арасында да тіркеліп жатыр. Жыл басынан бері мұндай 5 жағдай болды.
Қала әкімінен кейін кезек қадағалау органы өкілдері де келді. Қалалық прокуратурадағы бөлім прокуроры Азамат Жүсіпов облыс орталығында соңғы 2 жыл ішінде жасалған қылмыс пен құқық бұзушылықтарға тоқталды.
АЗАМАТ ЖҮСІПОВ, Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:
– Соңғы 2 жылда облыс орталығында 18 кісі өлтіру қылмысы тіркелді. Сондай-ақ, 50 денсаулыққа ауыр зиян келтіру, 2200-ден астам ұрлық пен алаяқтық, 220 есірткі қылмысы орын алды. Кәмелетке толмағандарды пайдаланып арам ойын асырып, төсекке тарту бойынша 21 факті анықталды.
Отырыста мектептердегі қауіпсіздік шаралары мен психологтардың жұмысы да сөз болды. Бұл бағытта атқарылып жатқан істі қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Рақышева жіпке тізді.
ДИНАРА РАҚЫШЕВА, қалалық білім бөлімінің басшысы:
– Барлық мемлекеттік мектептерде психолог-педагог жұмыс істейді. Одан бөлек мекемелерге ювеналды полиция мен прокуратура қызметкерлері барып, балаларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіреді. Психикалық денсаулық орталығының мамандары да оқушылармен жұмыс істейді. Іске ата-аналар да араластырылып отырады. Оқу жылы басталған кезде ұл-қыздардың және олардың ата-аналарының жеке мәліметтер базасы жаңартылады.
Отырыс соңында қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Серік Мұхамедиев көтерілген мәселелр негізінде кешенді іс-шаралар тізбегі құрылатындығын айтты.
Алдияр Айтпаев