Өңірімізде Алтынбек Аусағитовты білмейтіндер кемде-кем. Құрыш білекті, жолбарыс жүректі қазақ күресі палуаны бірнеше жылдан бері өңір намысын “Қазақстан барысы” турнирінде абыроймен қорғап жүр. Ол жерде күреспек түгілі, бозкілемге шығудың өзі ерлік екенін білген жөн.
Жақында толағайымыз тағы да топқа түсті. Бұл жолы ол жер жаһанның кіл мықтылары жиналған әлем кубогында бақ сынады. Жетісу облысының Үштөбе қаласында көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай өткен додада Алтынбек қарсылас шақ келтірмеді. Чемпион бейсенбіде Петропавлға оралды. Оны дүйім жұрт құшақ жая қарсы алды.
100 келі салмақ дәржесінде жеңіске жеткен палуан жан-жақтан құттықтау қабылдады. Жеңімпазға облыстың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов ізгі тілегін білдірді.
Чемпион Жетісу жерінде 4 кездесу өткізу керек еді. Алайда, алғашқы айналымда қарсыласы белдесуге шықпапты. Соған байланысты сәл тың болған екен.
АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, қазақ күресінен әлем кубогының жеңімпазы:
– Моңғолиялық, тәжікстандық және өзбекстандық палуандармен белдестім. Финалда таза жеңіске жеттім. Қазақ күресінен спорт шебері болдым. Енді халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып отырмын.
Ел мерейін асырған спортшы – көздерінде оты бар жастарға үлгі. Оны қарсы алу шарасында байқауға болады. Тіпті, бір топ бала сұхбат барысында да Алтынбектің қасынан шықпай қойды.
АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, қазақ күресінен әлем кубогының жеңімпазы:
– Ең бірінші еркін күреспен айналыстым. Мектеп бітіргесін осында оқуға түстім. Университетте оқып жүргенде қазақ күресімен айналыса бастадым. Биыл 10 жыл болып отыр.
Алтынбекті алда түрлі додалар күтіп тұр. Бозкілем шебері сәл тыныққан соң, бәсекелерге дайындықты бастамақ.
Байболат Култанов