Білім

Петропавлда “Тіл-ұлттың айнасы” тақырыбында ойталқы өтті

Мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағы қандай? Өзге тілді меңгереміз деп өз тілімізді жоғалтып алмаймыз ба? Бүгін бұл сұрақтардың жауабы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында талқыланды. Ойталқы “Тіл – ұлттың айнасы” деген атаумен өтіп жатыр. Оған өңіріміздің түрлі ауданынан келген 20-дан астам озық ойлы ұстаз белсене қатысуда.

БАЛЕРКЕ СӘДУАҚАСОВА, облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Қатысушылар коғамдық мәселелерді көпшілік алдында талқылайды. Шараның негізгі мақсаты – тіл мәселесін көтеру және қоғамға ой туғызу. Ойталқыда тіл және ұлт үшін маңыздылығы туралы ой-пікірлер ортаға салынды. Бұл іс-шараға 3 топ қатысады. 1 топ пропоненттер болса, қалған 2 топ – оппоненттер.

Тіл мәселесі өзекті тұр. Педагог Айман Қадралина “Қазіргі қазақ балаларының көбі сабақта қазақша сөйлеп, дәлізге шықса да болды орысша жүгірте жөнеледі. Олар бұған кішкентай кезінен үйреніп қалған. Сондықтан, ең алдымен тіл құндылығын отбасы ішінде арттыру қажет”,- дейді.

АЙМАН ҚАДРАЛИНА, Н.К.Крупская атындағы №10 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

– Ең алдымен, қоғамның тілге деген көзқарасы өзгеруі қажет, құрметі артуы қажет. Ал бұл құрметті ең алдымен ата-аналар көрсетуі қажет. Әр мектепте, әр ұжымда – жалпы көп жұмыс орындарында тілдер комитетінің мамандары жұмыс істейді. Қазақ тілін білмейтін ата-аналар солармен байланысып, үйірмелерге қатысып тілді меңгере алады деп ойлаймын.

Тілді терең меңгеру үшін сөздік қорды байыту керек. Сөзден сөйлем, сөйлемнен дұрыс мәтін құрай білу қажет. Осы ретте жалғау-жұрнақтың атқаратын рөлі маңызды. Білікті педагог Айман Қадралина септіктерді тез әрі жеңіл үйренуге мүмкіндік беретін кесте ойлап тауыпты.

АЙМАН ҚАДРАЛИНА, Н.К.Крупская атындағы №10 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

– Мәтін сөйлемдерден тұрады. Ал біз сөйлем құрағанда неге назар аударуымыз керек? Ең біріншіден, сөйлем тәртібіне, шақтарға назар аудару қажет. Ал екіншіден сөз байлынысын, яғни септіктерді білуіміз керек. Осы септіктерді меңгеру үшін мен кесте жасадым. Мектептерде кестелер бар. Аз емес. Бірақ, олар ересектерге арналған. Балаларға оны меңгеру қиын. Сондықтан, мен балалар үшін жеңіл әдіс ойлап табуды жөн көрдім.

Ойталқы соңында жеңімпаз топ пен белсенділігімен танылған мұғалімдерге сертификаттар табыс етілді.

 

Аснурия Абдула