Ауыл шаруашылығы

Өңірге жұмыс сапарымен Қытай делегациясы келді

Облысқа іс-сапармен Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясынан делегация келді. Тайынша ауданында өткен кездесуде екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мен өңірдің әлеуетін арттыру мәселесі талқыланды. «Memolux» серіктестігі Қытаймен 2016 жылдан бері белсенді сауда жүргізуде. Кәсіпорында бидай кептіріліп, өңделіп, экспортқа шығарылады. Биыл аспан асты еліне 100 мың тоннаға жуық бидай жеткізу жоспарланып отыр. Күні кеше Қытай-Еуропа теміржолы «Чанъань» экспресінің онжылдығына арнап елімізден «Айдзю-Қызылжар» атты брендімен көлемі 1600 тонна астық жөнелтілді. Бұл өнім жоғары сапасымен және экологиялық жағынан тазалығымен ерекшеленеді.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Әрине, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттауға мүдделіміз. Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға үлес қосатындықтан біз бұл жобаны қолдап, Қытай инвестициясына басымдық береміз. Бұл келісім біздің іргелес көрші елмен серіктестік қарым-қатынасымызды нығайтатыны сөзсіз. Сондықтан, өнімді бірлесіп өндірудің болашағы зор демекпін. Май өнімдері жайлы сөз қозғар болсақ, алдағы 10 жылда бір ғана Солтүстік Қазақстан облысынан сыртқа 50 мың тонна көлемінде май өнімін жеткізе аламыз деп ойлаймын. Ал миллион тоннаға жуық астықты Қытай нарығына шығару жоспарда бар.

Сонымен қатар, «Тайынша-май» серіктестігінің алаңында өңірімізбен Шэньси провинциясы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша кездесу өтті. Рүстем Құрманов өңірдің қытайлық инвесторларды тарту жайында да айтып өтті. Айта кетейік, Еуропа мен Қиыр Шығыс бағытындағы негізгі жүк тасымалының 70%-ға жуығы біздің облыс арқылы өтеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 2,4 млрд доллардың өнімі шығарылған. Бұл Қазақстандағы жалпы үлестің 12 пайызын құрайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс аумағында «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы құрылып, өзге елдерден инвесторлар тартуға зор мүмкіндіктер ашылды.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– 2019 жылы экспортқа тауар шығаратын шетелдік кәсіпорындармен өндірістік ынтымақтастықты ұлғайту үшін «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бүгінгі таңда шетелдік бизнес қауымдастығы өңірге инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, салық бойынша едәуір жеңілдіктер қарастырылған. Біз осындай инфрақұрылымдық жобаларды бюджет қаражаты есебінен іске асыруды қамтамасыз етеміз. Солтүстік Қазақстанда астықты терең өңдеу, майлы дақылдарды, сүт өнімдерін өңдеуді жүзеге асыру үшін бірқатар жобаларды қарастыруға шақырамын.

Қазақстан – ең ірі ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші және әлемдегі ең маңызды экспорттаушы мемлекет. Жыл сайын Шэньси провинциясына арнайы Қытай-Еуропа жедел пойызы арқылы ұн, май, бал және тағы басқа өнімдер жеткізіледі.

ЧЖАО ИДЭ, Шэньси өлкесінің партия комитетінің хатшысы, ҚХР:

– Бұл жолы мен Солтүстік Қазақстан облысына екі елдің басшылығы арасында қол жеткізілген консенсусты енгізу және жүзеге асыруды жалғастыру мақсатында арнайы келдім. Шэньси провинциясы Қытай мәдениетінің бесігі болып табылады. Біз Қазақстанмен байланысымызды үздіксіз дамытып, ары қарай да жандандыра түсеміз деп ойлаймын. Қытай Еуропа пойызының 60%-дан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Құрметті әріптестер мен достар, біз алдағы уақытта да берік қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Бүгінгі қол қойылатын келісімдер еліміздің одан әрі өркендеуіне септігін тигізеді деп сенемін.

Кездесу соңында «Kazakh Invest» АҚ-ның аймақтық филиалы мен «Айджу» компаниясы, сондай-ақ «KazNurHolding» қазақстандық дистрибьюторлық компаниясы мен қытайлық «Xi’an Onis Trade Co., Ltd» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

 

Гульден Симбаева