Қоғам

Қоқыс шашпа!

Қоқыс шашуға болмайды. Үйден шыққан қоқысты жәшігіне дәлдеп салып, сыймайтын ірісі болса, мәселен, ескі жиһаз, жөндеу жұмысынан қалған-құтқанды өзіңнің күшімен полигонға жеткізу керек. Бәрі араласып-құраласып жатқан көріністі қазір кез келген ауладан көруге болады – асып-тасқан қоқыс жәшігі мен жанына жайғастырылған жиһаздар. Осы орайда полиция қызметкерлері тұрғындарды тазалық пен тәртіпке шақыру мақсатында түсіндіру шарасын өткізіп жатыр.

Қанат Жұмабаев, қалалық ПБ бірінші полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы:

– Бүгін Петропавлда учаскелік полиция инспекторлары ауладағы қоқысты шығару ережелерін түсіндірді. Диван сияқты ірі қоқысты шығаруға ПИК жауапты, ал жәшікке сыймаған қоқысқа – коммуналдық ұйым жауапты. Қаланы абаттандыру ережелерін сақтамаған тұрғындарға әкімшілік кодекстің 505-бабының 1-бөлігі бойынша ескерту, ал екінші бөлігі бойынша айыппұл салынады.

Ережені елемеген тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес ескерту немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Жыл басынан бері полицейлер облыста 10 мыңға жуық құқық бұзушылық анықтады. Оның 3200-ден астамына қатысты хаттама толтырылды, ал қалғандарына ескерту айтылды.

 

Гульден Симбаева