Елдегі әрбір азаматтың мемлекеттен тегін 10 соттық жер алуға құқығы бар. Жақында соған қатысты талаптар өзгерді. Енді жеке тұрғын үй құрылысына арналған телімдер тек инфрақұрылым, яғни, су мен жарық бар жерден ғана берілетін болады. Бұған дейін тиісті учаскеге қол жеткізу үшін қазақстандықтар мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, көп уақыт жоғалтатын. Қазір барлық жұмыс электронды форматқа көшірілді. Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры «Жеке тұлғалар» деректер базасымен біріктірілді. Әкімдіктерге де қатысты бірқатар міндеттеме бар. Жергілікті атқарушы орған жер телімдерін бөлуге арналған учаскелерді дайындау және кезек туралы ақпаратты 1 тоқсанда кемінде бір рет қазақ және орыс тілдерінде ұсынуға міндеттелді. Осы ретте мемлекет ұсынған қолдау жайлы солтүстікқазақстандықтардың ойын білдік. Бағдарлама жайлы жерлестеріміздің бірі білсе, бірі білмейді.
– Естуіміз бар. Мүмкіншілік болса, неге алмасқа. Әрбір азаматтың өз үйі болуы керек. Өте жақсы бағдарлама. Бағдарлама талаптарын білмейді екенмін.
– Тегін жер жайлы естуім жоқ. Телім тегін келген күннің өзінде үй салу оңай болмас. Көп жандардың жалақысы төмен. Соны ескеру қажет.
– Өтініш беріп көруге болады. Қосымша жақсы жер үйіміз болса нұр үстіне нұр.
Жаңа талаптар әзірге күшіне енген жоқ. Тиісті ереже 2023 жылдың 4 қарашасынан енгізіле бастайды.
Алдияр Айтпаев