Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экологиялық заңнаманы іске асыру және табиғи ресурстарды сақтау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Президент ірі кәсіпорындардың шығарындыларын азайту жөніндегі жоспардың іске асырылуын ерекше бақылауға алуды тапсырды, сондай-ақ осы объектілерде шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Министрлікке ведомстволық бағынысты ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жөнінде жүйелі шараларды қабылдау, ұлттық парктерде орман өрттерінің ошақтарын ерте анықтау, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйелерін тезірек енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Президент ағаш отырғызу бойынша ауқымды бағдарламаны іске асырудың және стихиялық полигондар мәселесін шешудің кешенді тәсілдерін әзірлеудің маңыздылығына назар аударды.