ТКШ

«Қызылжар су» ЖШС баспасөз турын ұйымдастырды

«Қызылжар су» ЖШС-і қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мақсатында құбырлар мен кәріз жүйесін жылда жөндеуден өткізеді. Қазіргі таңда компания қарамағындағы су құбырларының 59 пайызы, ал кәріз жүйесінің 63 пайызының тозығы жеткен. Биылғы жылы 4,6 шақырым құбыр ретке келтірілді. Мамандардың сөзіне қарағанда, тарифті көтеру есебінен инвестиция соммасы 85 млрд 536 млн теңгеге дейін ұлғайған. Бұл қаражат желілердің тозуын азайтуға, сумен жабдықтау көрсеткіштерін жақсартуға бағытталады.

АРМАН САУТОВ, “Қызылжар су” ЖШС атқарушы директоры:

– Биылғы жылға инвестициялық бағдарлама аясында құбырлар мен кәріз жүйесін жөндеп, ретке келтіруге 225 млн теңге бөлінді. Соның 113 млн теңге игерілді. Бүгінгі күні кәріз жүйесі бойынша 6 нысан және су құбыры бойынша 2 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Қазір серіктестік мамандары Назарбаев көшесі, 258 мекенжайы бойынша кәріз жүйесін ауыстыру бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Жалпы мұнда 199 метрді құрайтын жаңа құбырлар салынады. Жоба құны 7 млрд 1 млн теңге. Осылайша апат саны да едәуір азаймақ.

АРМАН САУТОВ, “Қызылжар су” ЖШС атқарушы директоры:

– Апаттардың басым бөлігі ескі көпқабатты тұрғын үйлерде болады. 80-90-шы жылдары салынған ғимараттардың кәріз жүйесі мен су тарату құбырлары әбден ескірді. Сол себепті біздің басты мақсатымыз – осыларды ауыстырып, жөндеу.

Бұдан бөлек мамандар құдықтарды, өрт гидранттарын жөндеу немесе ауыстыру, жер астында орналасқан құбырлардың зақымдануын жою бойынша жұмыстар жүргізуде.

 

Байболат Култанов