Құқық қорғау органдары

Жалған заңгер болып халықты алдаған студент өз жазасын өтеп жатыр

Өтіріктің арты бір-ақ тұтам! Өткен жылдың қараша айында петропавлдық тұрғын «anti_zaim_kz1» аккаунтын ашып, банк функциясына қатысты бірқатар қызмет ұсынған. Картаға қойылған тыйымды жоямын, бұғатталған есепшотты босатамын, онлайн қарыз шарттарының күшін жойып, мерзімі өтіп кеткен шағын қарыздың төлем кестесін қалыпқа келтіріп беремін деп сендірген. 6 адам тіркелген аккаунт осы жылдың қаңтарына дейін жұмыс істеп келген. Жалған қызметі үшін пысықай аңғал жандардан 59 мың теңгеге дейін ақша сыпырып отырған. Заңгер кейпіндегі алаяқ 20 жастағы 3-ші курс студенті болып шықты. Ол, сондай-ақ, Telegram мессенджерінде интернет-дүкен ашып, 4 адамды сан соқтырып кеткен. Сәуірде жас жігіт интернет-алаяқтықтың 10 эпизоды бойынша 4 жылға сотталды. Сотқа дейінгі тергеу барысында ол жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген.