Қоғам

Петропавлда су сору жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр

Облыс орталығында толассыз жауған нөсердің салдарынан қала көшелерін су басты. Жаңбыр суы кейбір үйлердің подъезіне дейін кірген.
“Ikomek-109” орталығына өткен тәулікте 155 қоңырау келіп түскен, оның 7-еуі су соруға қатысты. Қалың су астында қалған көшелердің бірі – Горький көшесі. Еске сала кетейік, аталған көшеде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша ашық жатқан кәріздік жүйе жабық жүйе ретінде қайта құрылады. Көшеде қалыптасқан жағдайға қатысты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

ЖАНЕЛЬ БАТАНОВА, Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Кәріздік жүйенің 80 пайызы ғана салынған. Яғни, әзірге, жиналған су орталық кәріздік жүйеге қосылмағандықтан ары қарай жіберілмейді. Алтынсарин көшесіндегі су кірген 262-ші үй қалалық әкімдікке қарамайды, сол себепті, туындаған мәселені тұрғындар мен төраға өздері шешулері керек. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандандырылған техника түні бойы жұмыс істеді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады.

 

Гульден Симбаева