Қоғам

Өңірге жұмыс сапарымен «Қазақстан халқына» қорының төрағасы келді

«Қазақстан халқына» қоры білім беру саласына үлкен көңіл бөледі. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалар назардан тыс қалмайды. Ең алдымен қор төрағасы есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатына барды. Биыл мұнда ұл-қыздардың қоғамда бейімделуіне, ой-өрістің дамуына әсер ететін жаңадан арнайы қондырғылар сатып алынды. Жалпы, қазіргі таңда мұнда 92 оқушы тәлім алуда.

ЖЕҢІС ӘБІЛМӘЖІНОВ, Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры:

– Мектебіміз заманауи қондырғыламрен жабдықталған. Құлағының мүкісі бар балалардың қоғамда бейімделіп, толыққанды өмір сүрулері үшін бар жағдай жасалған. Мәселен, ұл-қыздарымыз сол және оң жақ құлақтарын жаттықтырып, есту қабілетін дамыта алатын форте-сынып деген арнайы оқу бөлмесі бар. Бұл жерде тәрбиеленушілеріміз қазақ және орыс тілінде білім алады. Сонымен қатар, еңбек сабағына арналған жабдық та жаңартылды.

Ел бойынша ерекше балаларды оқытатын 98 білім беру мекемесі қордың жарақтандыру жобасына қатысады. Былтыр ұйым соның 30-ын жаңартып үлгерсе, қалғанын биылғы жылдың аяғына дейін аяқталмақ.

БОЛАТ ЖӘМІШЕВ, «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы:

– Біз орнатқан жаңа қондырғылар өз пайдасын тигізіп жатқаны қуантарлық жайт. Біздің басты мақсатымыз – осындай мектептерде білім алатын балаларға және оқытушыларға көмек көрсету. Әрине, біздің мамандар елдің әр аумағындағы дәл осындай білім беру ошақтарының ұстаздарымен, басшылығымен тілдесіп алдыңғы кезекте қандай көмек қажет екенін анықтайды.

Бұдан әрі Болат Жәмішев жергілікті атқарушы орган және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында қор төрағасы ұйымынң атқарған жұмысы мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Білім беруден бөлек «Қазақстан халқына» денсаулық сақтау саласын да назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, қор есебінен 20 бала шетелде ем-дом алып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 128 бала тамыр патологиясын емдеуде көмек алды.

БОЛАТ ЖӘМІШЕВ, «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы:

– 28 өңірлік медициналық мекеме 373 млн теңгеге офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. СҚО-да бұл көпсалалы облыстық аурухана. Шұғыл қабықты трансплантациялауды қажет ететін 45 операция жасалды. Барлығы 304 науқасқа ота жасау жоспарлануда.

Спорт саласында да бірқатар жоба іске асырылуда. Қор қаржысы есебінен елді-мекендерде спорт залдары жабдықпен қамтамасыз етілді.Осылайша жергілікті тұрғындар саламатты өмір салтын ұстана алады. Бұл бағытта жұмыс биыл да жалғасын таппақ. 76 залды жабдықтау жоспарланып отыр. Оған қоса, ангар үлгісіндегі 80 жылдам салынатын спорт алаңын салу көзделген.

 

Байболат Култанов