Қоғам

Горький көшесіндегі қос үй қолданысқа тапсырылды

Горький көшесіндегі 16-шы және 14-ші үй жалпақ жұртқа жақсы таныс. Олардың құрылысы осыдан 2 жыл бұрын аяқталды. Алайда, түрлі себептерге байланысты халыққа тапсырылған жоқ. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып отыр десек болады. Тұрғындарға қол жеткізген пәтерлеріне кіруге рұқсат берілді. Баспаналармен шаһар басшысы Серік Мұхамедиев арнайы танысты. Тілдесу барысында әкім халықты бүкпесіз сөйлеуге шақырды. Егер мәселе туындаса, оны дереу арада шешу керек. Сол үшін WhatsApp мессенджерінде арнайы топ құрылмақ.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Осы үйдің WhatsApp тобында бармын. Тұрғындардан өте көп сұрақ түседі. Енді тек ОСИ басшылары бар топ құрылады. Сол кісілер көтерген мәселелерді қарап, шешім отырамыз.

Тапсырылған үйлердегі пәтерлердің бәрі тұруға дайын деп айта алмаймыз. Кемшіліктерді мердігер компания өкілдері әлі де түзеп жатыр. Серік Мұхамедиев жауаптылармен жеке-жеке тілдесіп, іске қарқын қосуды тапсырды. Абаттандыру да ұмыт қалмайды. Айтпақшы, көтере алмайтын шоқпарды белге байлаған өзге ұйым өз қалталарынан үй алдына қосымша тұрақ салмақшы және жарық шамдарын орнатпақшы.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– 15-ші тамыз жұмысты аяқтаймыз деді. Аяқтамады. Енді осы үшін өз қалауымен қосымша тұрақ салмақшы және жарық шамдарын орнатпақшы. Ауа райы жақсы болса, 15-ші қыркүйекке дейін жұмыс аяқталады.

Бұған дейін Петропавлда тапсырылу уақыты біразға шегерілген 16 көпқабатты үй болды. Бүгінгі таңда “проблемалық” баспаналардың 8-інде кем-кетік жойылды. Енді тағы осынша тұрғын жай қалып отыр.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– 6 үй “Береке” ықшам ауданында орналасқан. Ол жаққа жаңа мердігер келді. Жауапты компания өкілдері тиісті жұмыстарды осы қыркүйекте аяқтамақ. Сосын 2 панельді үй қалып отыр. Олар қарашада халық игілігіне беріледі.

Қала билігі бұл мәселені бақылауда ұстамақ. Айта кетейік, қазір жұмысты сағызша созып алған компаниялар қатаң жазаланады. Тіпті, тараптар арасындағы шарт күшін де жоюы мүмкін.

 

Байболат Култанов