Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайынша ауданында жаңа екі мектеп ашылды

Жаңа оқу жылы қарсаңында Тайынша ауданында су жаңа қос мектептің есігі айқара ашылды. Бірі аудан орталығы – Тайынша қаласында орын тепкен. Оқу ұясы 600 балаға шақталған. Бүгіннен бастап мұнда 469 ұл-қыз оқиды. Айта кететін жайт, биыл осы мектепте бірінші рет қазақтілді сыныптарға балалар қабылданған. 1-ші сыныпта 11 балғын қазақша білім алады.

ОЛЬГА ИВАНОВА, Тайынша қалалық №1 орта мектебінің директоры:

– Бұрынғы ескі мектеп апаттық деп танылып, сүрілді. Бір жыл бойы білім бөлімі жалға алып берген мекемеде болдық. Бүгін міне жарық, кең әрі жайлы мектепке көшіп отырмыз. Нысан оқу-тәрбие жұмыстары үшін барлық қажетті жабдықпен жабдықталған. Мұндай оқу ұясы ауданда жоқ.

Ауқымды жобаға 2,2 млрд теңге жұмсалған. Құрылысты жергілікті “Зерттеу СК” серіктестігі жүргізген. Істің қалай орындалғанын аймақ басшысы Айдарбек Сапаров бағамдады. Бірінші кезекте облыс әкімі ұлағатты ұстаздармен жүздесті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл мектеп Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының демеуімен бой көтеріп отыр. Мекеме заманауи талаптарға сай. 600 орынға арналған. Жоба құны 2,2 млрд теңгені құрады. Өздеріңізге белгілі, апаттық мектептің орнына жаңа нысанды 2 жыл ішінде салып бітірдік. Бұл әрине мемлекет пен мемлекет басшысының қолдауының арқасында жүзеге асты. Енді сіздер осы жаңа оқу ұясында ұл-қыздарға сапалы білу берулеріңіз керек.

Кейін Айдарбек Сапаров мектепті аралады. Оқу ұясының өзі Петропавлдағы №25 мен 6-шы мектептерге ұқсас. Кабинеттері жарық. Жаңа жиһаздар қойылған. Мекемеде 11 интерактивті тақта бар. Жаңа компьютерлер де жеткілікті.

МАРИНА КРЕНДЕЛЕВА, Тайынша қалалық №1 орта мектебі биология пәнінің мұғалімі:

– Бұған дейін сабақты балаларға оқулықтардағы суреттерден, кішкентай ноутбуктардың экранына қарап түсіндіретінбіз. Ол әрине ыңғайсыз болды. Ал қазір интерактивті тақтамыз бар. Осындай ігіліктер қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты азайтуға ықпал етері сөзсіз.

Жаңа мектепте жұмыс істеуге мамандар да сақадай сай. Қазір ұжымда 46 адам бар. Оның 2-еуі қатарға тыңнан қосылған жас мамандар. Өз еңбек жолын жаңа мектептен бастағандардың бірі – Жазира Шағуали.

ЖАЗИРА ШАҒУАЛИ, Тайынша қалалық №1 орта мектебінің аға тәлімгері:

– Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімімін. Бірақ, уақытша бұл жерде мен аға тәлімгер ретінде жұмысқа орналастым. Яғни, бүкіл мектепішілік шараларды ұйымдастыру маған жүктелген. Алдағы уақытта қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істеймін. Негізі, өзім осы Тайыншада туып-өскенмін. Сол себепті, туған жерімдегі білім саласына аз да болсын өз үлесімді қосқым келеді.

Кейін өңір жетекшісі аудандағы жаңа екінші мектепке ат басын бұрды. Биылғы оқу жылы Вишневка ауылындағы ұл-қыздар үшін ерекше. Жастар заманауи нысанда білім алатын болады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгін айтулы оқиға орын алып отыр. Жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын. Осы нәтижеге жету үшін біз үш жыл бой тырыстық. Құрылысты биыл аяқтау үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Қолдау көрсеткен депутаттарға ризашылығымды білдіремін. Енді, ең бастысы, балаларға сапалы білім беру керек. Ол үшін жаңа нысанда барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта жергілікті шаруашылықтар да өз тарапынан қолдау көрсетеді деген ойдамын.

Мектеп 120 балаға шақталған. Қазір мұнда 90 оқушы бар. Оларға 21 маман білім береді.

АЛЕКСАНДР ЛИСИЦКИЙ, Вишневка орта мектебінің директоры, Тайынша ауданы:

– Оқушылар 2 жыл бойы Ясная Поляна орта мектебінде білім алды. Жергілікті аграрий балаларды тасымалдауға көмектесті. Ескі нысан 61-ші жылдары салынған бір қабатты болды. Жаңа мектебімізде 16 жаңа кабинет пен үлкен спорт залы бар.

Тайыншалықтар үшін тағы бір жағымды жаңалық. Алдағы уақытта Драгомировка ауылындағы апаттық мектептің орнына да жаңасы тұрғызылады. Жалпы, жоспар бойынша облыста 7 мектеп салу көзделіп отыр. Оның 4-еуі “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында Петропавлда бой көтереді.

 

Алдияр Айтпаев