Қоғам

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрден жаңылмады. Қыркүйектің алғашқы жұлдызында елорда төрінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Алқалы жиында Президент ел тұрғындарына кезекті Жолдауын жариялады. Биылғы саяси маңызды құжаттың тақырыбы – «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары».

Аты айтып тұрғандай, Жолдау экономиканы дамытуға негізделген. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” дегендей, көшті алға жылжыту үшін бірқатар мәселені біржақты ету керек. Оларға Қасым-Жомарт Тоқаев кеңінен тоқталды. Теріскей мен күнгейдің, Атырау мен Алтайдың арасында көз сүйсінер жерлер жетердік. Алайда, бізде туризм саласы ауыз толтырып айтарлықтай дамымай тұр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн.

Аққайыңдар өлкесінің туризм саласында әлеуеті зор екенін ескерсек, білек сыбана іске кіріскен абзал. Қомақты қаржы құйылса, Шалқар Швецариядан, ал Имантау Ирландиядан кем түспейді. Түптеп келгенде, бұл экономиканың алға жылжуына әсер етеді. Өңіріміз агроөнеркәсіп кешенінде де ойып тұрып орын алады. Жеріміз кең, топырақ құнарлы. Ендігі міндет – өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу, маңызды сектордағы кәсіпорындардың санын арттыру. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі де, жетістігі де бар. Мұны
Президент өз Жолдауында айта кетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек.

Ауыл шаруашылығы саласын тегеурінді техникасыз елестету мүмкін емес. Өкінішке қарай, елдегі машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналып отыр. Бұлай жалғаса берсе, өзгелердің шаңында қалуымыз ғажап емес. Бүгіннен іске көшкен жөн.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан, жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал. Бүгінде жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.

Тамшы тама-тама көлді толтырса, ал адам қажырлы еңбегімен тұтас елдің экономикасын алға жылжытады. Бір әттеген айы, кей жандар жұмыс барысында мертігуде. Ажал құшып жатқандар да бар. Алысқа бармай-ақ, таяуда 4 жұмысшы көз жұмған Тайыншадағы жағдайды еске алсақ – бұл қоғамдық мәселе. Мұның алдын алу үшін мемлекет басшысы тексеріс шарасын бастауды тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан, ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс.

Тіршілік көзінің тапшылығы – қазіргі таңдағы маңызды мәселенің бірі. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, проблема жыл артқан сайын күрделене бермек. Оны шешу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын айтты. Қазақстанда Көлік министрлігі де пайда болады. Бұл ведомство көптің сынына жиі ұшырайтын саланы дамытумен, кем-кетікті түзеумен айналысады. Жолдауда Президент ең төменгі жалақы мөлшері өсетінін де тілге тиек етті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Балалардың қауіпсіздігі де ұмыт қалмады. Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазақстанда Атом электр станциясы салына ма, салынбай ма? Бұл сұрақ жиі қойылады. Қоғам болса екіұшты пікірде. Маңызды мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін нүкте қойды. Нысанды тұрғызу-тұрғызбауды халық референдум арқылы шешеді. Оның уақыты әзірге белгісіз. Президент Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі 3 жылдың ішінде орындалуға тиіс деді. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі.

 

Байболат Култанов