Жастарды жатақханамен қамту – Қозыбаев университетіндегі негізгі жұмыстардың бірі. Биыл 1300-ге жуық қыз-жігіттен студенттер үйінде тұру жөнінде өтініш түсіпті. Құжат толтырғандардың арасында Айтолқын Шәкірова да бар. Агроном мамандығында оқитын бойжеткен жатақхананың бірнеше артықшылығына тоқталды. Ең маңыздысы – мұнда қалтадан көп қаржы шықпайды.
АЙТОЛҚЫН ШӘКІРОВА, Қозыбаев университетінің студенті:
– Қазір пәтер жалдау қымбат. Жатақхана – ең тиімді нұсқа. Оның үстіне старосталарға жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, жатақхана старостасына 40 пайыздық жеңілдік беріледі.
Жатақханадағы орындар белгілі бір тәртіп бойынша бөлінеді. Бірінші кезекте тұрғын жаймен жетім және мүмкіндігі шектеулі балалар қамтылады. Содан кейін барлық бірінші курс жастары мен қалған студенттер орналасады. Жалпы, қазіргі таңда университет 1700-ге жуық білім алушыны жатақханамен қамти алады.
ДАНАГҮЛ КҮБЕНОВА, Қозыбаев университеті студенттермен жұмыс жөніндегі департаментінің менеджері:
– Университет меншігінде 3 жатақхана бар. Сонымен қатар, №10 оқу корпусының 3 қабаты жатын орындармен жабдықталған. Бұдан бөлек, университет 2 нысанды жалдайды. Осылардың барлығын қосқанда орын саны 1672-ні құрайды.
Студенттер жылы әрі жайлы жатақханаларда тұру тиіс. Биыл бұл бағытта университет басшылығымен біраз жұмыс атқарылыпты.
ДАНАГҮЛ КҮБЕНОВА, Қозыбаев университеті студенттермен жұмыс жөніндегі департаментінің менеджері:
– Осы жылы 3 жатақханада да ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, №1, №2 жатақханаларда жуыну бөлмелері жөнделді. Терезелер ауыстырылды. №10 оқу корпусының 3 қабатына жаңа жиһаз бен техника сатып алынды.
Жастар жатақанада әр ай сайын 7500 мен 15000 теңгенің аралығында ақша төлеп тұрады. Айта кетейік, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүгедек балалардан төлем талап етілмейді.
Байболат Култанов