Кеше жергілікті “Qyzyljar” футбол клубы көкшетаулық “Оқжетпес” командасымен ойын өткізді. Сағат 16:00-де басталған матч жоғары қарқынмен өрбіді. Алғашқы таймның басында ешкім гол соққан жоқ.
Алғашқы тайм 0 де 0 есебімен аяқталды. Екіншісінде доптеберлер бар күштерін жинағандай болды. Ақыры көкшетаулықтар 7-ші минутта ұйымдасқан түрде “Qyzyljar” командасының қақпасына көптен күткен голды салды. Бұл есеп екінші таймның соңына дейін өзгермей тұрды. Ойыншылар доппен қақпаға жете бергенде шабуылшылардың әрекетінен аяғына дейін бара алмай жатты. Дегенмен, соңғы таймның соңына қарай жергілікті топ қарсылас команданың қақпасына гол салып, есепті теңестірді.
Тағы бір гол салып, бір ұпаймен алға шығуға екі ұжым да барларын салды. Дегенмен, ойын тең ұпаймен аяқталды.
АСЛАН БАЙҚАДАМОВ, “Qyzyljar” ФК ойыншысы:
– Жалпы, ойын тартысты өтті. Бірінші таймда қарсылас командаға гол салуға мүмкіндіктер болды. Бірақ, оны пайдалана алмай қалдық. Көкшетаулық команда жақсы дайындалып келген. Келесі кездесуде біз жеңіске жетеміз деген ойдамыз.
Қос ұжымның келесі кездесуі Петропавлда қыркүйектің 30-ында өтеді.
Ақжүніс Мұқатай