Мәдениет

Петропавлда Жүзім фестивалі өтті

Әр түрлі сұрыптағы жүзімдер. Жүзім жапырағынан дайындалған долма тағамы және дәмі тіл үйіретін небір тәттілер. Бүгін армян халқының ежелден келе жатқан мерекелерінің бірі – жүзім фестивалі. Бұл мейрамның маңыздылығы жоғары. Сондықтан, үлкенінен бастап кішісіне дейін бір адамдай ат салысып, керемет көңіл-күйде атап өтіп жатыр.

СВЕТЛАНА МАЛХАСЯН, “Кентрон” армян мәдениеті орталығы төрағасының орынбасары:

– Бұл шараның маңыздылығы жоғары. Біз оны Петропавлда 2-ші рет өткізіп жатырмыз. Тарихы да қызықты. Қысқаша түсіндіріп кетейін. Жүзім жиналып болған соң міндетті түрде аластатылады. Бұл рәсім шіркеуде өтеді. Кейін сол жерде берекелі дастархан жайылып, мереке басталады. Міндетті түрде барлығы би билеп, ән айтады.

Кейіннен думанды шара барысында армян халқының биі биленді. Оны мың бұралған биші Карине Сафарян орындады. 24 жастағы ару “Кентрон” армян мәдениеті орталығында хореграфиялық топтың көркемдік жетекшісі болып жұмыс істейді. Ол өз қызметін орындаумен қатар, ұлтының өнерін де насихаттайды екен. Оның айтуынша, әр биде терең тарих жатыр.

КАРИНЕ САФАРЯН, “Кентрон” армян мәдениеті орталығындағы хореографиялық топтың көркемдік жетекшісі:

– Менің биші ретінде сахнаға алғаш рет Ассамблеяда қадам бастым. Ол кезде небәрі 2 жаста болдым. 15-те биден жеке сабақтарымды өткізе бастадым. Қазір 1 жылдан бері көркемдік жетекші жұмыс істеймін. Кіші және ересек жастағылардан құралған 2 тобым бар. Аптасына 2 рет сабақ өткіземін. Мен оларға тек армян биін ғана үйретіп қана қоймай, салт-дәстүрімізбен, тарихымызбен таныстырамын.

Жалпы, жүзім шаруашылығы Армения, Грузия, Түркменстан және Молдова елдерінде жақсы дамыған. Бұл жемістің құрамында 150-ден астам адам денсаулығына пайдалы дәрумен бар. Сондықтан, осы орайда ортаға солтүстіктің суық ауа райына қарамай жүзім өсіретін бағбандар шақырылды. 87 жастағы Владимир Должников 30 жыл бойы осы іспен айналысады.

ВЛАДИМИР ДОЛЖНИКОВ, зейнеткер:

– Мен қазір жүзімнің 19 сұрпын өсіремін. Әр бағбанның өзіндік ерекшелігі, сүйікті сұрпы бар. Бізде ауа райы салқын болғандықтан аса көп күтімді қажет етеді. Өзім жүзім өсірудің әдіс-тәсілін оңтүстікке барғанда үйренген едім. Қазір мендегі ең танымал жүзім сұрпы “Алешенька” деп аталады. Биыл оның бір шоғының өзі 8 келіге дейін жетуі мүмкін.

Фестиваль соңында осы шараға белсене ат салысқандарға алғыс хат табысталды. Жалпы, биыл “Кентрон” армян мәдениеті орталығына 25 жыл толады.

 

Аснурия Абдула