Құқық қорғау органдары

Интернет-алаяқтықтың алдын алу

Алаяқтар психологиялық әдістерді де меңгерген. Егер тұтқаны көтерген адамның еш берілмей, қарсылық білдіріп жатқанын байқаса және олардан ақпараттың мемлекеттік тілде жүргізілуін талап етсеңіз – қаскөйлер әңгімені бірден доғарады.

Криминалдық схеманың ондаған түрі, психологиялық әдістер мен алгоритмдер. Бұның барлығы – интернет-алаяқтардың ақшаны тартып алу үшін қолданатын айла-тәсілдері. Ол жайлы хабардар адам алаяққа алдана қоймайды. Осы орайда полиция қызметкерлері профилактикалық шаралар жүргізіп жатыр. Тіпті, аулаларды аралап болған тәртіп сақшылары кәсіпорын ұжымдарымен кездесуге кірісті.

ЕРЖАН ҚҰСЫМБАЕВ, «Есіл су» кәсіпорны филиалы директорының орынбасары:

– Айтылған ақпарат өте пайдалы болды. Өйткені, қазіргі уақытта адамдардың көпшілігі интернет-алаяқтар туралы білмейді. Өз басым осы кездесуден естіп-білгенімді жақындарыма айтып барамын.

ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің бастығы:

– Бүгін алаяқтардың негізгі айла-тәсілдері туралы айттық. Айлакерлер телефоныңызға хабарласып, жақындарыңыздың, туыстарыңыздың жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтып, қылмыстық іс қозғамау үшін белгілі бір сомада ақша талап етуі мүмкін. Адамдардың кейбірі бұл туралы білмейді.

Жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтыққа қатысты 442 қылмыстық іс тіркелді. Оның 348-і Петропавл қаласында болды.

 

Ақжүніс Мұқатай