«Ботай – Ұлы дала мәдениеті». Өңірде осындай атаумен II Халықаралық симпозиумы өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген суретшілер теріскейдің терең тарихы мен тамаша табиғатын бейнелеген болатын. Енді сол қылқалам шеберлерінің туындылары арт-орталықтағы есептік көрмеге қойылды. Көркем де бейнелі руханият қазынасы болған шара барысында әсем әндер шырқалды.
Қылқалам шеберлері Ботай қонысында болды. Тарихымызды төрткүл дүниеге танытқан жерді қағаз бетіне түсірді. Солардың бірі – Астана қаласынан келген суретші Сембіғали Смағұлов. Жылқыны жаны сүйетін азамат 5 туындысын да осы тақырыпқа арнаған екен. Оларды осы көрме ұйымдастырушыларына сыйға тартып, қалдырып кетті.
СЕМБІҒАЛИ СМАҒҰЛОВ, суретші, Астана қаласы:
– Бұл әсерді кез келген жерден оқып-ақ алуға да болады. Бірақ, иісін иіскеп, топырағын басып көргеннің жөні бір бөлек. «Ботай» мәдениеті -біздің тарихымызды 6 жылға тереңдететін оқиға. Сондықтан, ол СҚО-ның бренді болып саналуы керек. Әр саладағы адамдар өз дәрежесінде насихаттай алуымыз керек. «Кентавр» образының протатипі – бізбіз, яғни түркі халқы. Бұл сол замандағы космос игеру секілді үлкен жаңалық болған. Жаяу адам 1 күнде 5 шақырым алса, аттағы адам 1000 шақырым ала алатын болған.
Шараға шетелдік суретшілермен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілері де жұмылдырылған болатын. Тәжірибелі қылқалам шеберлері балаларға өз білгендерін үйретіп, тәжірибелерімен бөлісті. Жалпы, бұл шеберлік сағатын «Жаса Одағы» әлеуметтік қоры ұйымдастырды.
ДЕНИС ЛУКЯНЧУК, «Жаса Одағы» қоғамдық қорының директоры:
– Біз 2 жылдан бері елдегі балалар үйі тәрбиеленушілерін әлеуметтендірумен айналысамыз. Түрлі сапарлар ұйымдастырамыз. Балалар үйінің дарынды жеткіншектерін осында әкелдік. Олар тәжірибелі суретшілермен бірігіп, өз туындыларын салып шықты.
Шара соңында барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Аснурия Абдула