Денсаулық сақтау

Үш жыл ішінде 10 мың фельдшер, 957 акушер даярланады

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Осы жоба аясында 2023-2024 жылдары елімізде 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) нысанын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 257 медициналық, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бар. Бүгінде 99 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Барлығы дерлік биыл тапсырылмақ. Ал 2024-2025 жылдары инсульт және кардиология орталықтары, травматологиялық және ортопедиялық бөлімшелері бар, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған 32 көпсалалы орталық аудандық аурухана жаңғыртылмақ. Кадрмен қамтамасыз ету мәселесі де қарастылған. Алдағы үш жыл ішінде медициналық колледждер мен жоғары оқу орындарында 14 000-нан астам медбике, 10 000 фельдшер, 957 акушер және 7 000 жалпы практика дәрігерін даярлау жоспарланып отыр. Көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды жаңа жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін жалпы сомасы 46 млрд теңгеге 965 медициналық техника сатып алу жоспарда бар.

 

Аснурия Абдула