Өнеркәсіп

“ПАМЖЗ” АҚ жұмысшысы өңір намысын республикалық байқауда қорғайды

Әлібек Уатаев – Петропавл ауыр машина жасау зауытының жас маманы. Ауыл баласы оқушы күнінде ер жеткен шақта өндіріс саласында еңбек етемін деп ойламапты. Алайда, жоғары сыныптарда ой өзгерген. Сөйтіп, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне құжат тапсырыпты.

ӘЛІБЕК УАТАЕВ, “ПАМЖЗ” АҚ учаске шебері:

– Университетті тәмамдаған соң, зауытқа орналастым. 3 айдан кейін әскери борышымды өтеуге аттандым. Әскерден кейін қайтадан осы зауытқа учаске шебері болып жұмысқа тұрдым. Содан бері еңбек етудемін.

Биыл Әлібектің зауыт қабырғасында еңбек етіп жатқанына 3 жыл толып отыр. Бүгінде учаске шебері деген лауазымға ие. Қарамағындағы 20-дан аса маманмен азаматтық және әскери салаға арналған дүниелерді жасайды.

ӘЛІБЕК УАТАЕВ, “ПАМЖЗ” АҚ учаске шебері:

– Менің цехым “Механическая сборка” деп аталады. Онда металл өңделеді, кейін жиналады. Осы мамандықты таңдағаныма, осы зауытты таңдағаныма еш өкінбеймін. Маған бәрі ұнайды.

Учаске шебері әріптестері арасында сыйлы. Оның адамгершілігіне, білімі мен іс жүргізу қасиетіне цех басшысы Евгений Ушаков жоғары баға беріп отыр.

ЕВГЕНИЙ УШАКОВ, “ПАМЖЗ” АҚ цех басшысы:

– Зауытқа Әлібек сияқты мамандар аса қажет. Егер қатарымыз Әлібектей әріптестермен толықса, мұндағы жұмыс одан әрі қыза түспек. Себебі, учаске шеберінің жеке қасиеттері, білімі бірден сырт көзге байқалады. Қазіргі таңда бізге білікті инженерлер, темір ұсталары сынды мамандар керек. Жастарды жұмысқа шақырамыз!

Айта кету қажет, Әлібек Уатаев «Еңбек жолы-2023» байқауына «Өндірістің үздік жас қызметкері» аталымы бойынша қатысып жатыр. Арық сөйлеп, семіз шығу жанына жақын маман конкурстың өңірлік кезеңінде топ жарды. Енді республикалық сында бақ сынамақ.

ӘЛІБЕК УАТАЕВ, “ПАМЖЗ” АҚ учаске шебері:

– Жеңіске жетеміз деп ойлаймыз. Сенеміз. Бәрі Алланың қолында.

«Еңбек жолы-2023» байқауына 600-ге тарта өтініш түсіпті. Республикалық байқаудың қорытындысы қыркүйек айының соңында жария етілмек.

 

Байболат Култанов