Петропавлдағы “Абылай хан резиденциясы” музей кешені республикада баламасы жоқ нысан болып саналады. Көне ғимарат 2008 жылы жаңғыртылып, есігін айқара ашты. Енді міне тарихи құндылыққа толы бұл кешеннің бой көтергеніне 15 жыл толып отыр. Осы айтулы күннің құрметіне өңіріміздің белді тұлғалары, қоғам қайраткерлері үш жүздің ханы болған атақты Абылайдың ат үстінде тұрған ескерткішіне келіп, гүл шоқтарын койды.
Музейде 4 экспозициялық зал бар. Бір бөлмесінде Абылайдың 1711 жылдан 1770 жылдарға дейінгі өмір кезеңі қамтылған. Келушілерге керемет әсер қалдыратын бір дүние – тұлғаның хан тағында отырған мүсіні. Қазақтың батырының өмірінен сыр шертетін барлық дүниені осы жерден табуға болады.
ӘСЕМГҮЛ ҚЫДБЕКОВА, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары:
– Бұл музейіміз жас болса да 15 жыл толып отыр. Іші көптеген мағлұматтарға бай. Абылай хан резиденциясы тек біздің облысымызға ғана емес, басқа да мемлекеттерге танымал. Республикаға жылжымалы көрмелермен шығып жатыр. Ендігі мақсатымы -, шет елдерге көрме көрсету арқылы Абылай ханның тарихын, мемлекет қайраткері, ұлы тұлға ретінде жеткізу.
Гүл шоқтары қойылғаннан кейін зиялы қауым облыстық кітапханағэда “Абылай хан – ерлік дәуірінің ерен тұлғасы” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты. Бүгінгі айтулы күнге орай атақты қолбасшының 7-ші ұрпағы Асылхан Әшімханов та келді. Тау тұлғаның ұрпағы Қызылжар өлкесіне соңғы рет резиденцияның 10 жылдығында келіпті.
АСЫЛХАН ӘШІМОВ, Абылай ханның 7-ші ұрпағы:
– Қазір жасым 70-те. Теміртауда тұрып жатқаныма 53 жыл болды. Содан осы Абылай ханның Ақ ордасына келіп отырмын. Алғаш рет 10 жылдыққа келгенмін. Енді қазір конференциға қатысып, баяндамаларын тыңдап, жастарға қандай насихат беретінін тындайын деп келіп отырмын.
Кітапхананың кіреберісінде ұлы тұлғаның өмірбаянынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылыпты. Тарихи жәдігерлер туралы сөз қозғалып, батырдың кейінгі ұрпақтары туралы мағлұмат берілді.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, журналист:
– Мен бүгін баяндама оқимын. Онда Абылайдың ерлігіне, 1744 жылдан бергі Әбілмәмбеттің орнына хан болып тұрды орта жүздің. Сол кезде күшейді ол. Оның ықпалы, ұйымдастырушылығы, керемет істері сол кезден басталды. Сол кездерде ол жоңғарлардың жойылуына керемет үлес қосты. Жаудың арасына от салып, жер бетінен көздерін жойды. Сол жылдары Абылай ханның беделі Ресейде де артып, ешкімге бағынбайтынын жариялап, тіпті қарсылық білдіретінін айтқан болатын. Кейін оны бағындырғысы келгендер сыйлықтар беріп, сондай іс-қимылдарға көшкен.
Биыл қазақтың ұлы ханы, қолбасшы және дипломат Абылай ханның дүниеге келгеніне 312 жыл толып отыр.
Акжунис Мухатай