Өнеркәсіп

«ЗИКСТО» зауытында жаңа кешеннің құрылысына жер дайындау жұмысы жүріп жатыр

Болашақта мына жерде атақты «ЗИКСТО» зауытына тиесілі заманауи кешен пайда болады. Қазір құрылыс жұмыстарына жер дайындалып жатыр. Нақтырақ айтсақ, жалдамалы компания жұмысшылары есі нысандарды бұзып, аумақты артық заттардан тазартуда.

РЕНАТ ШАМСУТДИНОВ, «ЗИКСТО» АҚ бас директоры:

– Вагон мен платформа өндірісіне арналған жаңа нысанның құрылысын келесі жылы бастаймыз. Оның жалпы ауданы 15 мың шаршы метрге жуықтамақ. Іші соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталады. Ауқымды әрі аса маңызды жұмысқа дайындық қызу жүріп жатыр. Кестеден қалу байқалмайды.

Кешеннің басты артықшылығы ыңғайлы етіп жасалуында болмақ. Мәселен, қазір зауыт мамандары өнімді шығару үшін бірнеше цехта тер төгеді. Ал жаңа нысанда күнделікті шаруа бір жерде тындырылмақ. Көпке мәлім, былтыр «ЗИКСТО» әлемдік талаптарға толық жауап беретін жолаушы вагондарын жинай бастады. Оның ішінде қажеттінің бәрі бар. Заманауи кешеннің ашылуымен енді ғана қолға алынған бұл өндіріске қарқын қосылмақ.

РЕНАТ ШАМСУТДИНОВ, «ЗИКСТО» АҚ бас директоры:

– Жылдың соңына дейін жалпы құны 40 млрд теңгеге жуықтайтын 50 жолаушы вагонын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін жинаған 10-нан аса вагонымыз қазір Қазақстанның ішінде жүйткіп жүр. Өнім жайлы тек мақтау сөз естідік. Жаңа кешен ашылғасын іске қарқын қосылады. Платформа өндірісі де ауыз толтырып айтарлықтай алға баспақ.

Қазір зауыттықтар вагонның төменгі әрі негізгі бөлігі саналатын платформаны бірнеше цехта жасайды. Металл кесіледі, өлшенеді, дәнекерленеді, жоғары градуста иіледі, қажетті формаға келтіріледі. Соңында мына учаскеде тексеріледі, боялады. Жұмыс өте ауыр. Шаруаға Александр Фадиннің қарамағындағы мамандар жауапты.

АЛЕКСАНДР ФАДИН, «ЗИКСТО» АҚ учаске басшысы:

– Менің қарамағымдағы мамандар 2 ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымда 4 темір ұстасы мен 3 бояушы маман тер төгеді. Қатарымыздың жастармен толыққанын қалаймыз. Еңбекқор, жігерлі жігттер мен қыздар келсе, шығарылатын өнім көлемі артары сөзсіз.

Қазір бұл цехтан бір ауысымда 6-7 платформа шығады. Яғни, тапсырыс берушіге жолданады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бұл платформаның ұзындығы 25 метрді құрайды. Ал салмағы – 15 тонна. Жеті рет өлшеп, бір рет кесуге бейімделген мамандар өнімді бастан-аяқ тексереді. Кейін сатып алушыға жібереді. Бұдан соң үстіне контейнер қойылады. Петропавлда жасалған өнім 68,5 тонна жүкті тасымалдауға қауқарлы.

Зауыт басшылығы жолаушы вагоны, жартылай вагон мен платформаны және өзге де дүниелерді көп шығару үшін жаңа кешеннің аса қажеттігін айтады. Жоспар бойынша оның құрылысы 1-1,5 жылдың ішінде аяқталмақ.

 

Байболат Култанов