Экология

Өңірдегі экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары

Экологиялық мәселелердің өзектілігі күннен-күнге артып барады. Өкінішке қарай, негізгі проблемаларды туындатушы – адам. Кейбір жандар қоршаған ортаға мүлде немқұрайлы қарайды. Далада от жағады, бей-берекет ағаш кеседі, қоқыс тастайды. Соңғысы аққайыңы жайқалған біздің өңірде аса актуалды десек қателеспейміз. Қазіргі таңда бұл мәселемен күрес жүргізіліп жатыр. Шаруа барысына журналистер алдында 8 айды қорытындылаған экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов тоқталды.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Бүгінгі күнге дейін облыста 242 қоқыс орны анықталды. Оның 172-сі – санкцияланбаған үйінді, қалғаны белгіленген шекарадан асу фактісі. 186 полигон жойылды. Бұл проблемамен күресу үшін арнайы мобильді жұмыс тобы құрылған болатын. Мамандарымыз ең көп үйінді Петропавл қаласында екенін анықтады. Одан кейінгі сатыда Қызылжар ауданы тұрды.

Қалауын тапса қар жанады деген бар. Қазір далаға тасталған қалдықтардың өзін пайдаға жаратуға болады. Ол үшін дамыған елдердегі сияқты өңдеуші кәсіпорындар керек. Мұндай нысандар әр ауданда ашылса тіпті нұр үстіне нұр. Алайда, ол күннің ауылы әлі алыс сияқты.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– “Оператор РОП” серіктестігінің қаржыландыруымен аудандарда өңдеуші кәсіпорындар ашу жоспарланған болатын. Бәріміз білетіндей, аталған ұйым өз жұмысын тоқтатты. Қазір оның мүмкіндіктері “Жасыл даму” қоғамдық қорына өтіп жатыр. Іс аяқталғасын мәселені қайта көтереміз.

Облыста экологиялық проблемаларды кешенді шешу бойынша Жол картасы әзірленген болады. Азамат Бектасов осыған да тоқталды. Бұл құжат аясында күкіртсутек мөлшерін азайту мақсатында Петропавл маңындағы биотоғанда су тазартыш нысан салынбақ. Оның құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.

 

Байболат Култанов