Балалар

“Dauletten” қайырымдылық қоры солтүстікқазақстандық 50 оқушыға оқу құралдарын тарту етті

Ауылдағы ағайынның балаларына. Осындай атаумен аталған қайырымдылық жобасының керуені солтүстік өңірге ат басын бұрып отыр. Мақсат – ауылдағы мұқтаж отбасылардың бастауыш сыныпта оқитын балаларын оқу құралдарымен қамту. Осы орайда қор ұжымы “Қызылжар Абай” мектебіне аялдады.

БЕКЗАТ ҚАЙРАТҰЛЫ, “Dauletten” ҚҚ директорының орынбасары:

– Бұл жоба былтырдан бастап жүргізіліп келеді. Яғни, бұл жобада біз барлық облыстарды қамтимыз. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстанға келдік. Петропавл қаласының маңындағы ауылдардың аз қамтылған отбасыларын бір жерге жинап, таратып жатырмыз. Бұл қор жеке қор болып саналады. 2020 жылы Дәулет Мұқаев деген блогер, қазіргі таңда депутат, экономист сол кісінің бастауымен қолға алынған болатын.

Жоба мың балаға арналған. Яғни, “Dauletten” қорының өкілдері еліміздің 20 өңіріне барып, әрқайсысында 50 балаға оқу құралдарын сыйлайды.

БЕКЗАТ ҚАЙРАТҰЛЫ, “Dauletten” ҚҚ директорының орынбасары:

– Қордың мақсаты – қайырымдылық, көпбалалы отбасыларға үй беру, екіншіден, білімге жұмсау. Студенттер болсын, мектеп оқушылары болсын – солардың біліміне ақша құямыз.
Әрине, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға өте қиын. 1 баланың өзіне біршама қаражат кетеді. Сондықтан, осындай жобаны іске қосқан болатынбыз.

Жобаның аясында көмек алатын отбасылардың тізімін жергілікті әкімдік береді екен. Шараға келушілердің дені – көпбалалы отбасылар. 50 отбасының 37-сі – Петерфельд ауылының тұрғындары. Қалғандары Якорь, Затон, Кривозерка, Кондратовка ауылдарынан келіп отыр. Аттары аталып, сөмке табысталған жанның бірі – Гүлшат Кәкімова. Оның 1-сыныпқа қадам басатын кенже қызына қалам-қарындаш, дәптер толы сөмке табысталды.

ГҮЛШАТ КӘКІМОВА, Петерфельд ауылының тұрғыны:

– Мен көпбалалы анамын. 3 балам осы мектепте оқиды. Бүгін осы қордан оқуға керекті заттар табыстап жатыр. Өте қуаныштымыз. Солтүстік Қазақстан облысынан біздің мектепті таңдапты. Алғысымыз шексіз.

Тамыздың 20-сынан бастау алған жоба 28-іне дейін жалғасады. Ұжымның бір легі солтүстікте болса, қалғандары елдің басқа өңірлерінде жұмыс істеп жатыр. Бір өңірге 1 жарым млн теңге көлемінде қаражат бағытталып отыр.

 

Ақжүніс Мұқатай