Қоғам

Қыркүйекте Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады

Қыркүйекте Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады. Бұған дейін мұндай байқау 2 мәрте өткізілді. Нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар 350 адам таңдалып алынды. Қазір олардың 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Парламент Мәжілісі және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.

Қыркүйектің 1-і күні басталатын іріктеудің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жолғы байқауда мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігі ескеріледі. Яғни, нақты бағыттар бойынша үздіктер таңдалып алынады.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бірінші – инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты. Екінші – агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау. Үшінші – сыртқы саясат және инвестициялар. Төртінші – экономикалық және қаржылық саясат. Бесінші – цифрландыру. Алтыншы – әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Бұл ретте үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдардың қатысуымен өтеді.

Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады. Үздіктерді таңдау жұмысы желтоқсанның 25-ші жұлдызына дейін жалғасады. Биылғы міндет – қатарының алды бола білген 50 адамды анықтап, резервке алу.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар: – ҚР азаматтылығы бар; – жасы 35-тен аспаған; – жоғары білімді; – 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі және мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген болуы қажет.

Ережеге сәйкес, резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды. Бұл уақыт ішінде топ жарған тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен түрлі лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.

 

Байболат Култанов