АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– “Ботай – Ұлы дала мәдениеті”. Өңірде осындай атаумен басталған ІІ Халықаралық симпозиумы жалғасуда. Шараның 3-ші күнінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген қылқалам шеберлері Айыртау ауданындағы “Солнечный VIP” демалыс орнында тамаша табиғатты бейнелеуде.
Бұл жер бекерден-бекер таңдалмаған. Аталған орын Имантау көлі мен тауының бөктерінде орналасқан. Айналаға қарасаң көз тоймайды. Мұнда қазақи киіз үйлер де тігілген. Бір сөзбен айтқанда, қылқалам шеберлері үшін бұл – таптырмас жер. Германиядан келген Ольга Мюллер кенебін енді ғана орнатып, іске кірісуде. Қазір нәзікжанды Имантау тауы мен оның бөктеріндегі орманын қағаз бетіне түсірмек.
ОЛЬГА МЮЛЛЕР, суретші, Германия:
– 5 жасқа дейін балалық шағым Қазақстанда өтті. Бұған дейін Бурабай, Түркістанның киелі жерлеріне барып, сурет салдым. Елдеріңізден шабыт аламын. Қазақстанның табиғаты тамаша. Адамдары қонақжай. Ұлттық киімдеріңіз бен мәдениеттеріңіз де ерекше.
АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Шараға Саумалкөлдегі балалар үйінің тәрбиеленушілері де жұмылдырылған. Қазір қылқалам шеберлері ұл-қыздарға білгендерін үйретуде. Суретшілер жер-жерден келгендіктен салынып жатқан суреттер де әртүрлі.
Он саумағынан бал тамған шеберлерден балалардың алары мол. Ұл-қыздар суретшілердің әрбір әрекетін бақылап жүр. Шеберлік сағатына барлығы – 50 бала қатысуда. Өз тәжірибесімен Франциядан келген Франк Хантан да бөлісуде. Бениндік азамат бұл өнерге бала кезден құштар. Осы күндері Солтүстік Қазақстанның әсем табиғаты құрметті қонаққа шабыт сыйлауда.
ФРАНК ХАНТАН, суретші, Франция:
– Бұл жерде мен өз отанымда жүргендеймін. Бениндегі үйім де теңіз жағасында орналасқан. Табиғатты жаным сүйеді. Өз туындыларымда қоғамдық мәселелерді қозғауға тырысамын. Ол – экология, көші-қон тақырыбы. Осы халықаралық симпозиум ұйымдастырушыларына алғыс білдіремін. Осы өңірден шыққан туындыларымыз қайырымдылық аукциондарда сатылады. Бұл көңілге қуаныш сыйлайды.
Шараға шетелдік суретшілермен қатар еліміздегі қылқалам шеберлері де қатысуда. Сенбіғали Смағұлов симпозиумға Астанадан келген. Азамат ата-ана жылуынсыз қалған ұл-қыздар үшін бұл басқосудың орны айрықша деп отыр.
СЕНБІҒАЛИ СМАҒҰЛОВ, суретші, Астана қаласы:
– Балалар – біздің ертеңіміз. Оларға көңіл бөлуіміз керек. Осы балалардан бір бала суретші болса, ол да олжа. Бұл өнер барлығының қолынан келе бермейді. Бірақ, өнерге жақындастыру керекпіз. Сурет өнері айналадағы әсем табиғатты бағалауға баулиды. Бұл – рухани тәрбие.
– Шара қатты ұнап жатыр. Бұл жерге екінші рет келуім. Жан-жақтан келген адамдар суретті керемет салады екен. Мен де осы кісілер сияқты әдемі сурет салғым келеді.
– Бүгін біз сурет салдық. Өскенде суретші болғым келеді.
“Жетім көрсең, жебей жүр” демекші суретшілер ұл-қыздармен бірлесе салған суреттерін сыйға тартты. Кейбір қылқалам шеберлері өздерінің картиналарын да жастарға табыс етіп жатты. Жалпы, бұл шеберлік сағатын балаларға арнап “Жаса Одағы” әлеуметтік қоры ұйымдастырды.
ДЕНИС ЛУКЯНЧУК, “Жаса Одағы” қоғамдық қорының директоры:
– 1 жылдан бері елдегі балалар үйі тәрбиеленушілерін әлеуметтендірумен айналысамыз. Бүгін міне шеберлік сағаты ұйымдастырылып отыр. Бағдарламамызды қызықты әрі пайдалы етуге тырысамыз. Бұл шаралар арқылы балалар өздері үшін тың дүниені үйренгенін қалаймыз.
Жалпы, суретшілер бұл жерге дейін Ботай қонысында болды. Қос күн бойы тарихы тереңде жатқан жерді бейнеледі. Қазба жұмыстары қағаз бетіне түсті. Енді тамыздың 31 күні симпозиумның жемісі – яғни қылқалам шеберлерінің туындылары есептік көрмеге қойылады.
Алдияр Айтпаев