Тамыздың үшінші жексенбісі – Спорт күні! Атаулы датаға орай Петропавлда салтанатты шара ұйымдастырылды. Жастар сарайының фоесінде ине шаншар жер жоқ. Мұнда өңір спортшылары жеңіп алған жүлделер қойылған. Олардың әрқайсысымен облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов танысып шықты.
Көп ұзамай концерт залында салтанаттың негізгі бөлімі де басталды. Шымылдықты талай додада жеңімпаз атанған атақты “Sensitive” би театры ашты. Артыншы мінберге Рүстем Құрманов шығып, жиналған қауымды облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың атынан Спорт күнімен құттықтады.
РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Қазіргі таңда өңірімізде 215 мыңнан астам адам салауатты өмір салтын ұстанады. Бұл – жалпы халықтың 40 пайыздан астамы. Осы көрсеткішпен біз облыстар арасында үшінші сатыда тұрмыз. Қуантарлық жайт. Теріскейліктер арасында чемпиондар да жетерлік. Оларды барлығымыз мақтаныш тұтамыз. Баршаңызға мереке құтты болсын!
Шынымен, чемпиондармен бәрі мақтанады. Ағымдағы жылы өңір спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда 400-ге тарта медаль жеңіп алыпты. Дегенмен, мұнымен тоқтауға болмайды. Саланың дамуына әлі де күш салу қажет. Бұл шаруамен мемлекет айналысып та жатыр.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Биыл Есіл ауданында заманауи үлгідегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады. Мұндай нысан қазіргі уақытта тағы 3 ауданда салынып жатыр. Бұдан бөлек, жабық үлгідегі хоккей корттары да тұрғызылуда. Бұл саланың дамуына серпін берері сөзсіз.
Мемлекет бекерден-бекер ауылға басымдық беріп отырған жоқ. “Бұлақ көрсең көзін аш” дегендей, ауылда небір талантты балалар жүр. Орман Мұқанов солардың біразының томағасын сыпырды. Осы үшін азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен мараптталды.
Шалақындық Орман Мұқанов – Алқаағаш негізгі мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі. Ол асық ату мен бес асықтан бірнеше чемпион тәрбиеледі. Шәкірттері халықаралық жарыстарда да атой салды. Мұның сырын маманның өзінен сұрадық.
ОРМАН МҰҚАНОВ, Алқаағаш негізгі мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, Шал ақын ауданы:
– Көңіл бөлу керек. Балаға көңіл бөліп, жұмыс істесе, нәтиже болады. Өзім солай ойлаймын.
Жалпы, бүгінгі жиында ондаған сала өкілі мен спортшы марапатқа ие болды. Спорт күніне арналған салтанатты шара соңында жергілікті сахна саңлақтары өнер көрсетті.
Байболат Култанов